$451.87 €507.31 ₽5.53

8-қабаттан құлаған жасөспірім аман қалды

06.11.2026ж. 14:01
8-қабаттан құлаған жасөспірім аман қалды
фото: pixabay

Алматы қаласында 8-қабаттан асфальтқа құлаған 13 жастағы бозбаланы дәрігерлер аман алып қалды, деп хабарлайды Astana TV.

Жасөспірім шамамен 24 метр биіктен құлаған. Оған №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері шұғыл түрде көмек көрсетті. Дәрігерлерге жеткізгенде баланың жағдайы ауыр болған. Дәрігерлер баланың бірнеше ағзасы қатар зақымданғанын, бас сүйек пен мидың жабық жарақатын, миы соғылғанын, қол-аяқ сүйектері бірнеше жерден сынғанын, кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының зақымданғанын анықтады. Соның салдарынан балада шок болған.

Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер жарақаттардың ауқымын анықтап, әрі қарай емдеу тәсілін белгілеу үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томографиядан өткізіп, жан-жақты тексерді. Операция жасалды. Үшінші күні-ақ жансақтау бөлімінен травматологияға ауысқан. Травматологтар мен реаниматологтардан құралған топ жасөспірімге төрт мәрте ота жасады. Баланы аман алып қалуға хирургтер – Бақытқали Қожаханов пен Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Мақұлбеков, ассистенттер – Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.

Баланың жағдайы жақсарып, қазір ауруханадан шықты. Ары қарай оны емхана дәрігерлері емдейді.