$447.14 €499.54 ₽5.46

Бас прокуратура қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 7 жаңа цифрлық құралды таныстырды

Бас прокуратура қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 7 жаңа цифрлық құралды таныстырды
Фото: ҚР Бас прокуратура

Құрылтай депутаттары Бас прокуратураның құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жасанды интеллект жүйелері мен заманауи технологиялардың жұмысымен танысты

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мен Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің депутаттары Бас прокуратураға барды. Сапар барысында оларға прокуратура органдарындағы цифрлық жаңғырту жұмыстары таныстырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Бас прокурор Берік Асылов депутаттармен кездесіп, ведомствоның цифрлық трансформация бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығы мен Жағдайлық орталықтың жұмысын көрсетіп, «Цифрлық қадағалау» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетті.

Бұдан кейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрайымы Ұнзила Шапақтың қатысуымен көшпелі отырыс өтті. Жиынға Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пен Құқық қорғау органдары академиясының басшылығы қатысты.

Отырыста депутаттарға прокурорлық қызметте қолданылатын жеті жаңа цифрлық құрал таныстырылды. Олардың қатарында сыртқы және ішкі криминалдық қатерлерді бақылау жүйелері, «е-Өтініш» деректері негізінде тәуекелдерді анықтайтын аналитикалық модель, қылмыстық қатерлерді болжау жүйесі бар.

Сонымен қатар телефон және интернет-алаяқтықты бақылауға арналған бірыңғай аналитикалық платформа, қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерінің тізілімі және қылмыстылықты талдайтын жасанды интеллект агенті ұсынылды.

Жиында қылмыстық қатерлерді алдын ала болжау және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселесіне басымдық берілді. Бұл бағытта үлкен деректерді, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді және сыртқы дереккөздерді пайдалану көзделген. Мұндай тәсіл ықтимал қауіптерді ерте анықтап, алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында прокуратураның цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру, жасанды интеллект пен талдамалық құралдарды кеңінен енгізу қажеттігі атап өтілді. Бұл бастамалар құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.