$447.14 €499.54 ₽5.46

Жетісу облысында Жайпақ станциясының вокзалы жаңартылды

Жетісу облысында Жайпақ станциясының вокзалы жаңартылды
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Жетісу облысында 1999 жылы салынған Жайпақ станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Жүргізілген жөндеу нәтижесінде вокзал ғимараты жаңартылып, жолаушылар инфрақұрылымы абаттандырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында орындалды.

Қайта жаңғыртудан кейін бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 105 шаршы метрді құрайды. Нысанның қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, жолаушылар перроны абаттандырылды. Қасбеті сәндік сылақпен әрленіп, іргетасының сыртқы бөлігі гранитпен қапталды, ал еденге керамогранит төселді.

Қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қосымша эвакуациялық жолдар жабдықталып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды. Құрылыс жұмыстары барысында отандық өндірістің құрылыс материалдары пайдаланылды.

Жайпақ станциясының вокзалы III санатқа жатады. Станция арқылы Достық және Жалаңашкөл станцияларымен көлік қатынасын қамтамасыз ететін екі жолаушылар пойызы жүреді.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасын іске асыру жолаушылар инфрақұрылымын жаңартуға, жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.