Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
— Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл — мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан жиында.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті.
— Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз. Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет, — деді Мемлекет басшысы.
«Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық»
«Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.
Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар.
Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз.
Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады.
Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты.
Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз».