$448.98 €502.45 ₽5.45

Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей – Президент

10.11.2026ж. 14:22
Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей – Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілін дамыту еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керектігін жеткізді.

"Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым. Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек. Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей", – дейді Президент.

Президен бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайтынын айтты.

"Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет", – деді Президент.