Шымкенттің Теріскей шағын ауданында бес қабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шығып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Astana TV тілшісі Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап.
Баспананың төрт шаршы метр аумағында заттар өртенген. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 8 адамды, оның ішінде бір баланы эвакуациялады. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сөндіргенмен, апат орнынан 1959 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.
«Осыған байланысты Әл-Фараби ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігі бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамау ісіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес тергеу жүріп жатыр», – делінген ТЖД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.
ТЖД мәліметінше, құтқарушылар биыл қазан айында дәл осы көпқабатты үйде газ-техникалық қызмет мамандарымен бірлесіп, өрттің алдын алуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға арналған профилактикалық-түсіндіру жүргізген.
«Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Электр құрылғыларын қосулы күйде қараусыз қалдырмаңыз. Темекі шеккенде сақ болып, толық сөндіргеннен кейін ғана тастаңыз. Өрт шыққанын немесе түтін пайда болғанын байқасаңыз, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз», – деп ескертті өрт сөндірушілер.