Германия
АҚШ-тың Сирияға соққы жасаудағы әскери қимылына қатыспайды. Бұл туралы Германия
канцлері Ангела Меркель мәлімдеді. Ал Америка президенті Дональд Трамп Сирияға
қатысты әлі нақты шешім қабылдамады. Думадағы химиялық шабуылға қарымта жауаптың әзірге бірнеше нұсқасы бар.
Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс мәлімдеді.
Еске салсақ, Трамп
48 сағат ішінде бір шешімге келетінін айтқан. Сириядағы соңғы жағдайдан соң
әскери қимылдарға баруы да мүмкін екенін білдірген. Ал, жергілікті тұрғындардан
улы заттың белгілері табылмады. Ресей әскерилері әлеуметтік желілердегі
фотосуреттердің қолдан жасалғанын айтып бағуда. Вашингтон болса, "Сирияға тиым салынған химиялық
қару бойынша сарапшылар жіберейік" деген Мәскеудің ұсынысын елеусіз
қалдырды.
Сара Сандерс, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
Әзірге бірнеше нұсқа бар.Түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Ресейдің Сириядағы жағдайға қатысы бар екені ішінара дәлелденді. Химиялық қаруды қолданбаймыз деп кепілдік берген еді. Бірақ уәдесінде тұрмады. Демек, Ресей жауапкершіліктің бір бөлігін мойнына алуы тиіс.
Сирия бойынша АҚШ-пен одақтас елдер де мәлімдеме жасауға асықпайды. Ал бұл кезде Сирия жағалауларына әскери кемелер топтасып жатыр. Америка тарапы әскери әуе-теңіз күштерін аттандырды. Оған жуық арада Германия қарулы күштері мен британ теңіз флоты да қосылуы мүмкін. "The Times" басылымының хабарлауынша, ұлыбританиялық Panavia Tornado-ның сегіз бірдей бомбалаушы ұшағы сақадай сай тұр. Ресей де қажеті шараларды жасап жатыр. Жер серігі арқылы түсірілген суреттерде әскери кемелердің Сириядағы Тартус теңіз базасынан алыстағаны көрінеді. Олардың қатарында жеті кеме, екі катер мен екі су асты көлігі бар. Ресей Бас штабы жуырда ғана, Сириядағы әскерилеріне қауіп төнсе, АҚШ ұшақтарына қарсы оқ жаудыратынын мәлімдеген. Ресми Мәскеу "мұны Вашингтон біледі" деп мәлімдеді.