Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуе жолаушыларын бейтаныс адамдардың сәлемдемесі мен жүгін тасымалдауға келіспеуге шақырды. Мұндай әрекет заң бұзушылыққа, тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Astana TV.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ведомство әуежайда әрбір жолаушы қауіпсіздік талаптарын сақтауға жауапты екенін еске салды.
Мәліметке сәйкес, қаскөйлер жолаушыларға белгілі бір ақы ұсынып, конверт, сәлемдеме немесе багажды басқа қалаға не шетелге жеткізіп беруді сұрауы мүмкін. Сырттай қарағанда мұндай өтініш зиянсыз көрінгенімен, оның ішінде тыйым салынған заттар болуы ықтимал.
Сондықтан ішіндегі заттардың не екенін білмейтін сәлемдемелерді тасымалдауға келіспеген жөн. Бұл талап тіпті таныстар арқылы түскен немесе ақшалай сыйақы ұсынылған жағдайда да сақталуы керек. Сондай-ақ жеке заттарды қараусыз қалдырмау және бөгде адамдарға багажды пайдалануға мүмкіндік бермеу қажет.
Әсіресе халықаралық рейстерде сақ болған маңызды. Мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен құндылықтарды заңсыз өткізу контрабанда ретінде сараланып, бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.
Күдік тудыратын заттарды байқасаңыз немесе бөгде адамдардың сәлемдеме тасымалдауға қатысты күмәнді ұсынысын алсаңыз, дереу полицияға немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарлау қажет.
Авиациялық әкімшілік жолаушыларды қырағылық танытып, белгісіз жүктерді тасымалдау арқылы қылмыстық әрекетке байқамай араласып кетпеуге шақырды.