$443.62 €492.24 ₽5.36

Туристік полиция: қауіпсіздік пен қала имиджінің кепілі

Туристік полиция: қауіпсіздік пен қала имиджінің кепілі
Фото: ЖИ

Астана қаласына жылына 1,6 миллионнан астам турист келеді

Астана – Қазақстанның саяси және іскерлік орталығы ғана емес, халықаралық туристік бағыт ретінде де дамып келе жатқан қала. Елорданың сәулеті, тарихи-мәдени нысандары, заманауи инфрақұрылымы мен халықаралық іс-шаралары шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Бас қалаға жылына 1,6 миллионнан астам турист келеді. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын орта есеппен 10-12%-ке артып отыр. Елорда әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Астананың ажарын тамашалауға 830 мың саяхатшы келіп үлгерген.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қажетті ақпараттық қолдау көрсету және қалада қолайлы орта қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналған. Бұл бағытта 2019 жылдан бері туристік полиция қызмет етеді.   Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қала қонақтарына бағыт-бағдар беріп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға маманданған. Астана қаласы Полиция Департаменті ПП Полкінің туристерге қызмет көрсету взводының қызмет инспекторы, полиция капитаны Аяпбергенова Даная туристік полиция қызметі жайлы әңгімелеп, тілшіміздің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Astana TV.

- Астанадағы туристік полиция қай аумақтарда қызмет атқарады? Шетелдік қонақтар көбіне қандай көмекке жүгінеді?

- Туристік полиция қызметкерлері Астана қаласының негізгі туристік орындарында қызмет атқарады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы және EXPO аумағындағы «Нұр Әлем» сферасы маңында жұмыс істейді. Сонымен қатар, туристер көп шоғырланатын орындарда патрульдік жұмыстар жүргізіледі. Біздің басты міндетіміз – шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қажетті көмек көрсету. Мысалы, қаладағы көрікті жерлерге бағыт-бағдар береміз, қонақүйлерді, қоғамдық көліктерді, такси қызметтерін табуға көмектесеміз. Сондай-ақ құжаттарын немесе жеке заттарын жоғалтқан жағдайда тиісті қызметтермен байланыс орнатып, қажетті көмек көрсетеміз.

- Соңғы жылдары бас қалаға әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздар келіп өнер көрсетуде. Ірі спорттық жарыстар да жиі ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар үшін бір уақытта алыс-жақын елдерден мыңдаған турист келеді. Сондай сәтте қауіпсіздікке қатысты қосымша талаптар күшейе ме? Шетелдік туристерден көбіне қандай өтініш-шағымдар түседі?

- Көбінесе туристерден жол қозғалысы ережелеріне, көлік жүргізушілерінің қызметіне, такси бағасына және қоғамдық орындардағы әртүрлі түсініспеушіліктерге қатысты өтініштер түседі. Сонымен қатар, кейбір туристер бағыт-бағдар сұрап немесе жоғалған заттарын іздестіруге көмек сұрап жүгінеді. Мәселен, жақында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткенін білесіз. Сонда әлемнің  135 елінен 900-ден аса спортшы мен олардың жанкүйерлері келді. Осы кезде туристік полиция өкілдері қызу жұмыс істеді. Әріптестеріміз қауіпсіздік шараларынан бөлек, қонақтарды қызықтырған түрлі сұрақтарға жауап берді. Мысалы, Германиядан келген бір топ турист ұлттық тағамдарымыз туралы ақпарат алғысы келіп жүгінді. Біз өз тарапымыздан ұлттық тағамдарды даярлау ерекшеліктері, оның түрлері, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі орны туралы әңгімелеп бердік. Осылайша, шетелдік туристер Қазақстанның гастрономиялық мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Тағы бір жолы жапониялық азамат күртешесін жоғалтып алғанын айтып, көмек сұрады. Туристік полиция қажетті шешім қабылдап, жоғалған затты иесіне тауып берді. Турист көрсетілген жедел көмек пен ілтипатқа ризашылығын білдіріп, Астана қаласының полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Чемпионат барысында полиция тағы бір маңызды миссия – есірткіге қарсы профилактикалық акция өткізді. Бұқаралық спорттық іс-шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, салауатты өмір салты мен есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне қалың жұртшылықтың назарын аударуға мүмкіндік береді. Акция барысында полицейлер профилактикалық әңгімелер өткізіп, ақпараттық парақшалар таратты, жарысқа қатысушылармен және қонақтармен пікір алмасты.

Мұндай игі істер халықаралық іс-шаралар кезінде Қазақстанның қонақжай ел ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді. Өйткені туристердің ел туралы жағымды әсері тек спорттық жетістіктермен ғана емес, оларға көрсетілген қамқорлық пен адамгершілік қарым-қатынаспен де қалыптасады.

- Шетелден келген қонақтармен түсіністік орнату маңызды. Туристік полиция өкілдері қандай шет тілдерін меңгерген?  

- Туристік полиция қызметкерлері бірнеше шет тілін меңгерген. Қызметкерлер арасында ағылшын, түрік, қытай, қырғыз және өзбек тілдерінде сөйлейтін мамандар бар. Бұл шетелдік туристермен еркін байланыс орнатып, олардың мәселелерін түсінуге мүмкіндік береді.

- Саяхатшылар құжатын жоғалтса, алданып қалса немесе төтенше жағдайға тап болса, туристік полицияға қалай жүгіне алады?

- Егер турист құжатын жоғалтса, алаяқтыққа тап болса немесе басқа да қиын жағдайға ұшыраса, туристік полицияның жақын маңдағы бекетіне тікелей жүгіне алады. Сондай-ақ 102 нөміріне хабарласып, полиция көмегіне жүгіне алады. Біздің қызметкерлер қажетті көмек көрсетіп, тиісті мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға көмектеседі.

- Қауіпсіздік – қаламызды туристер үшін тартымды ететін басты фактордың бірі. Туристік полицияның жұмысы қала имиджіне қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?

- Туристік полицияның жұмысы қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және шетелдік қонақтардың өздерін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Қызметкерлер тұрақты түрде патруль жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алады және туристерге жедел көмек көрсетеді. Біздің мақсатымыз – Астана қаласына келген әрбір туристің жақсы әсер алып, қаламыздан жағымды естеліктермен оралуына үлес қосу. Біз үшін әрбір туристің қауіпсіздігі маңызды. Туристік полиция тек құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, шетелдік қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіп, кез келген жағдайда көмек беруге дайын.