$444.3 €490.91 ₽5.41

Жол құрылысындағы 100 млн теңге залал: Шымкентте мердігерлердің заңсыз әрекеті әшкереленді

Жол құрылысындағы 100 млн теңге залал: Шымкентте мердігерлердің заңсыз әрекеті әшкереленді
АФМ

Шымкент қаласының прокуратурасы автомобиль жолдарын салу барысында пайдаланылған құрылыс материалдарын заңсыз өндіру фактілерін анықтады. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал 100 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Astana TV.

Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарының заңдылығын тексеру барысында жекелеген мердігер ұйымдардың жобалау-сметалық құжаттамада көзделген карьерлердің орнына өз бетінше игерілген жер қойнауы учаскелерінен өндірілген құм-қиыршық тас қоспасы мен қиыршық тасты пайдаланғаны анықталды.

Атап айтқанда, Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданында құрылыс материалдарын заңсыз өндіру фактісі белгілі болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз карьерлерді пайдалану мердігерлерге құрылыс материалдарын сатып алу және тасымалдау шығындарын едәуір азайтып, қосымша пайда табуға мүмкіндік берген. Тексеру барысында шамамен 20-25 жүк көлігімен құрылыс материалдарының қаладағы жол құрылысы нысандарына тасымалданғаны анықталды. Аталған дерек бойынша 2026 жылғы 2 қарашада Қаратау ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабының 2-бөлігімен (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) қылмыстық істі тіркеді, – деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарын заңсыз өндіру мен пайдаланудың барлық мән-жайлары анықталуда.

Жол құрылысы саласындағы тексеру жұмыстары жалғасуда.