$444.3 €490.91 ₽5.41

Түркістан – Павлодар жолаушылар пойызының жолсерігінен есірткі табылды

14.11.2026ж. 09:26
Түркістан – Павлодар жолаушылар пойызының жолсерігінен есірткі табылды
Фото: Polisia.kz

Заңсыз айналымға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды Astana TV.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында теміржол саласы қызметкерлерінің қатысуымен есірткі құралдарының заңсыз айналымы фактісін анықтады.

- Биыл қазан айында «Түркістан – Павлодар» бағытындағы жолаушылар пойызының 39 жастағы жолсерігі ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 5 келіден астам гашиш тәркіленді. Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде есірткіні жеткізуші деген күдікке ілінген 33 жастағы Жамбыл облысының тумасы анықталып, қолға түсті. Тергеу дерегіне сәйкес, ол есірткі заттарын ақшалай сыйақы үшін өткізген, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Алдын ала бағалау бойынша, тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 18 миллион теңгеден асады. Осылайша, полицейлер еліміздің оңтүстік өңірлерінен елордаға есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.

ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғаларды анықтау мақсатында тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.