«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы – AI-Quryltai интеллектуалдық ортасында әзірленген алғашқы құжат
Бұл платформаға заңнамалық тұрғыда ойлау мүмкіндігі бар жасанды интеллект моделі кіріктірілген. Құрылтай вице-спикері Динара Закиева Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Платформаның көмегімен заң жобасын әзірлеуші депутаттарға цифрлық және ақпараттық ортадағы балалар қауіпсіздігінің қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді және ұсынылды. Оған үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналардың, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің нақтылаған мәселелерін талдау, сондай-ақ ықтимал сын-қатерлерді бағалау және халықаралық тәжірибені зерттеу негіз болды.
Сонымен қатар, 800 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілер базасы біріктірілген AI-Quryltai шеңберінде арнайы оқытылған заңнамалық модель алғаш рет заң жобасының мәтінін құруға тікелей пайдаланылды. Бұл заңнамаға енгізілетін өзгерістердің ауқымы мен толықтығын арттыруға және қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді.
– Мәселен, платформаның көмегімен жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды цифрлық және ақпараттық ортада қорғау жөніндегі шаралар кешені пысықталды. Бұл шаралар барлық платформаларға «ата-ана бақылауы» тетігін енгізуге қатысты болып отыр. Яғни, балаларға арналған «сүзгі» енгізіліп, сәйкесінше барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдер, қосымшалар, ойындар балаға қол жетімсіз болады. Сондай-ақ, платформаларға барлық цифрлық өнімдерді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды таңбалау, оларды верификациялау, сондай-ақ қауіптер мен бұзушылықтар анықталған жағдайда бұғаттау жөніндегі талаптарды енгізу ұсынылады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді, – деп атап өтті Динара Закиева.
Бұл ретте заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныстар шақырылған заңгерлердің, ақпараттық және цифрлық қауіпсіздік салаларындағы сарапшылардың қатысуымен әзірлеуші депутаттардың тексеруінен және қосымша пысықтауынан өтті.
Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда. Оны пысықтау Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірледі.