$443.96 €487.73 ₽5.38

16,6 миллион қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылымға қойылған

16,6 миллион қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылымға қойылған
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Жоғарғы Сотына тиесілі делінген 507 миллион жазбадан тұратын дерекқор даркнетте 50 мың долларға сатылымға шығарылған. Белгісіз сатушы базада 16,6 миллион қазақстандықтың жеке мәліметі барын мәлімдеген, деп хабарлайды Astana TV.

SOCRadar киберқауіпсіздік мамандарының мәліметінше, дерекқорда азаматтардың ЖСН-дері, паспорт мәліметтері, сот құжаттары мен компанияларға қатысты ақпарат болуы мүмкін. Алайда оның Қазақстан Жоғарғы Сотына тиесілі екені әзірге расталмаған.

Сонымен қатар даркнетте Daxus платформасына қатысты 2,96 миллион логин мен пароль және Telegram-ның 26,5 миллион қолданушысына қатысты мәлімет сатылымға қойылғаны анықталған.

Мамандар мұндай ақпарат расталған жағдайда алаяқтық пен аккаунттарды заңсыз иемдену қаупі артуы мүмкін екенін ескертеді. Telegram деректерінің таралуы мессенджер жүйесінің бұзылғанын білдірмейді.

Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратураға «Яндекс» сервистеріндегі ақау мен қазақстандықтардың жеке деректерінің ашық жариялануына байланысты тексеру жүргізу тапсырылған еді.