$443.96 €487.73 ₽5.38

Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне тән бірегей алтын аю мүсіншесі табылды

18.11.2026ж. 09:00
Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне тән бірегей алтын аю мүсіншесі табылды
Фото: gov.kz

Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде б.з.д. IV–III ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлер анықталды, деп хабарлайды Astana TV.

Зерттеуді қала әкімдігінің қолдауымен Қалалық музейлер бірлестігі жүргізді.

Диаметрі 25–26 метр, биіктігі 2,5 метр болатын қорған ежелде тоналғанына қарамастан, ішінен аю бейнесіндегі шағын алтын мүсінше табылды. Ондағы арнайы тесіктер бұйымның бас киімге тігіліп бекітілгенін көрсетеді. Бұған дейін Қазақстан аумағында арқар мен барыс бейнелері кездескенімен, аю мүсіншесі алғаш рет табылып отыр.

Қорғаннан қыш ыдыс сынықтары мен 7 адамның (алдын ала болжам бойынша 4 ересек, 3 бала) сүйек қалдықтары шықты. Аға ғылыми қызметкер Марат Нұрпеисовтің айтуынша, әдетте мұндай көлемдегі обаларда 1–2 адам ғана жерленетіндіктен, бұл жайт ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудыруда.

Қалалық музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова бұл жәдігердің Қара теңіз жағалауынан Алтайға дейінгі Еуразия халықтарының мәдени байланыстарын зерттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Зерттеу жұмыстары толық аяқталған соң, табылған жәдігерлер Алматы музейінің экспозициясына қойылады.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері қала аумағында дербес қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан бірлестік бұған дейін Алатау ауданынан сақ жауынгерінің бұзылмаған қабірін және бағалы әшекейлерді тапқан болатын.