$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Ресей мен БАТЫС әлемінің текетіресі. Орталық Азия мемлекеттері өзара интеграцияны тереңдетуі керек.

AstanaTV
14.04.2018ж. 20:00
3455
Ресей мен БАТЫС әлемінің текетіресі. Орталық Азия мемлекеттері өзара интеграцияны тереңдетуі керек.

Жалпы, Ресейге қарсы санкцияларға орай, Репаблик басылымына экономист М.Дмитриев былай деген: санкциялар бұған дейін негізінен қаржы саласына бағытталған етін, олар ресейлік ірі компаниялардың шаруашылық істеріне тарамады. Экпорт, инвестициялар, шетелдік бизнеспен ынтымақтастық деген сияқты. Негізгі валюталық түсім – мұнай мен газымызды сатып алуға ешкім тыйым салмады. Алайда соңғы бірнеше күн көп нәрсені өзгертті. АҚШ-ң шенеуніктерге, күштік құрылым басшыларына, миллиардерлерге, Кремльге жақын адамдарға, негізінен шикізатқа байланған ресей бизнесіне қарсы өте қатал санкциялары аса қауіпті сызыққа жақындатты. Ар жағы ирандық варианттағы халықаралық оқшаулау... 

Соңғы уақыттағы Ресей мен БАТЫС әлемінің текетіресі расында, салмақты сарапшыларды алаңдата бастады. Осы аптада АҚШ президенті Д.Трамптың «Ресей Сирия әуесіне көтерілген біздің зымырандарды қағып түсіруге уәде береді. Ресей, дайындал, себебі олар бара жатыр – ғажап, жаңа, «ақылды», деген твит-жазбасы басқа қандай реакция туғызады? Дегенмен артынша Сирияға қарсы шабуылдың нақты қай уақытта екенін айтқан жоқпын, «мүмкін жақында, мүмкін тіпті жақында емес», деп жазып, «тыныштандырғандай» болған. Ал кеше АҚШ Франция, Ұлыбританиямен бірігіп, Сирияны ақыры бомбалады. Ресейдің АҚШ-ғы елшісі «бұл жауапсыз қалмайды», деді... Жалпы алаңдаушылық «ядролық соғыс болып кете ме?» деп туып отырған жоқ. Алаңдаушылық өздерін «жетекші» санайтын мемлекеттердің жауапкершілікті өтірік те болса көрсетпейтінінен туады. Бірі «Сирияда химиялық шабуыл жасалды», екіншісі: «жоқ, жалған, ондай болмады» деп, соған сәйкес «бірін-бірі қағып түсіретінін» мәлімдеп... бірі «твитер-дипломатия» жүргізіп, екіншісі кекесін мен мансұқ ету сөздерін төгіп, әйтеуір мойын тамырлары білеуленіп кіжініп отыр. Оған Британияда қызымен бірге орыстар шығарған «Новичок» деген жүйке жүйесін параличтендіретін улы затпен уланған Ресейдің барлау қызметінің бұрынғы полковнигі, «Британия мүддесіне тыңшылық етті» деп сотталып, кейін Британияға кетуге рұқсат берілген Сергей Скрипальдың ісін қосыңыз. Бұл уақыт Ресеймен байланыстарды «быртылдатып» үзу мүмкін болмаса да, Орталық Азия елдерінің шынымен ынтымақтасатын, интеграцияны тереңдететін уақыты. Оны мемлекеттердің басшылары түсінген. Соңғы бір жарым жылдағы басқосулары, келісімдері дәлел. Қарапайым мысал, осы аптада Ташкент пен Алматы аралығында қатынайтын тұрақты автобус рейсі ашылды. Күніне 3 рет. Иә, тәуір тенденциялар байқалады. Бірақ тұралап, қожырап тұрған салалар көп. Сонымен бірге мүдде тартысы да бар. Өткен аптада айттық, ұн өндірушілеріміздің негізгі рыногы – Ауғанстан нарығын Өзбекстан «тартып» алуы мүмкін. Дегенмен бұл тек «ақ пен қара» ойыны емес, бұл мәміле ойыны. Өзбекстанмен байланыстардың кейбір көріністерін саралап көрдік. Иә, кәсіпкерлердің бәрі бірдей интеграциялық процестерге «шәпкісін аспанға атып» қуанып отырған жоқ. Олай болуы заңды да. Алайда компромис тауып, миды жұмыс істетін уақыт. Оның үстіне болмысы кәсіпкер ағайындардан үйрену керек. Айзада Төребекқызының материалы.

Мынау бізде Ташкенттің қызанағы, бұның бағасы 800 теңгеден, ал мынау бізде Қырғызстанның қызанағы болғандықтан бұның бағасы -650.

Бұл Шымкенттегі ірі базардың бірі. Азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидектің саудасы күнделікті қызып тұрған жер. Әзірге жергілікті өнім көп емес. Сондықтан сұраныс негізінен өзбек ағайындардың өніміне көптеп түседі. 

Мерей Сейітхан, сатушы:

Көбіне Ташкенттің өнімін сұрап жатады.
-Неліктен?
-Сапасы жоғары әрі дәмді, дәмді келеді. Мысалыға мына помидордың іші қып-қызыл, әдемі, тәтті болады да, сулы, етті болады. Ал Қырғызстандікі іші көкшілдеу, нашар боп келгендіктен бізде Ташкентті қолдайды.

Көршілес екі ел арасында сауда-саттық бұрын да жаман емес-ті. Қазір одан сайын қарқын ала түскен. Алайда бұдан қабағы түсіп кеткендер бар. Аумағы 3 гектар жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріп отырған Шымкенттегі «ҚазАгроном» серіктестігі пайда табудан қалғандарын айтады. Жылына 100 млн теңге несие төлейтін серіктестік басшылары жабылып қаламыз ба?- деп қауіптенетіндерін де жасырмады. Биыл төртінші жыл жұмысын жолға қойған жылыжай  ақпан айынан бері 250 тонна қияр жинапты. Бірақ пайдасынан шығыны артып барады екен. Себебі Өзбекстаннан келетін өніммен бәсекелу өте қиын. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бәсекеге төтеп беру үшін жылыжай қожайындары өнім бағасын айтарлықтай төмендетуге мәжбүр болып жатқандарын айтады. Мәселен, мына мен тұрған шаруашылық қазір қиярдың 1 келісін 200-220 теңгеден өткізуде. Ал былтыр сәуір айында бұл баға бұдан екі есе жоғары болыпты. 

Кәсіпорын басшысы Мұрат Гелашвилидің білуінше, көрші елдің тауары бізге 180-200 теңгеден келіп жатыр. Ал өздерінің тыңайтқыштар және түрлі зиянкестермен күреске кететін шығындарының аз еместігін айтады. Және оның бәрі АҚШ ақшасына барып тіреледі. Осылай деген ол, көрші мемлекетте коммуналдық шығын едәуір арзан екенін алға тартты.

Мұрат Гелашвили, «ҚазАгроном» ЖШС бас директоры: 

Газ арзан, свет те арзан. Бізде 27 теңге болды, оларда 8 теңге светтің бағасы. Газдыкі бізде қазір 36 теңге заңды тұлғаларға, оларда көп болса 15 теңге болады, біздің ақшаға аударсақ. Жұмыс ақы, оларда сәл арзандау бізге қарағанда. Біз оларға конкурент бола алмаймыз.

«Банкрот боламыз ба», деп қорқып отырған тағы бір кәсіпорында болдық.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұл Шымкенттегі қағаз-картон қалдықтарын қайта өңдейтін жалғыз серіктестік. Жылына 4 мың тонна өнім өңдеуге қуатты. Алайда қазір макулатура тапшылығын сезініп отыр екен. Өйткені білулерінше, шикізат негізінен көрші Өзбекстан еліне көптеп кетіп жатқан көрінеді.

Кәсіпорын шикізатты Қызылорда, Жамбыл облыстары, Алматы және Астана қалаларынан да алдыртады екен. Бірақ көршілес аймақтардан келетін өнім соңғы жарты жылдан 60 пайызға төмендеп кетіпті.

Нұрали Бижанов, «Бумпром» ЖШС директоры:

Қазіргі таңда мен 40 теңге беріп жатырмыз 1 килограмға.  –Өзбекстан?-  Естуімше, мынау Өзбекстанға жөнелтіп жатқан жігіттер 50-55 теңге беріп жатыр екен. –килограмына?- Енді ар жақта естуімше шамалы біздің ақшаға аударғанда 80 теңгеге жобасы,1 кг.

Дей тұрғанмен Өзбекстанмен байланыстың жақсаруынан керісінше, "ұтамыз" деп отырғандар да жоқ емес. Солардың бірі кәріз жүйелері, уран өндірісіне қажет сорғылардың бірнеше түрін шығаратын зауыт. 2016 жылдан бері шекараның арғы бетіне тауар экспорттап жүрген кәсіпорын бұйыртса, көрші елдің өзінде жаңа зауыт ашпақшы.

Александр Юровских, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС Бас директоры:

Екі ел арасындағы шекараның ашылуы нәтижесінде көрші елден жаңа зауыт салу туралы жобамыз жүзеге асатын болды. Ол жақтағы зауыттың энергия көздері, басқа да шығындары әлдеқайда арзан болмақ. Жаңа зауыт салу арқылы экспорт көлемін арттырып, Өзбекстан нарығына өз өнімдерімізді көптеп шығарамыз деген сенім бар. Сұраныстың кемінде 10 пайызын қамтуды көздеп отырмыз. 

Өзбекстандық инвесторлар да күнгейде өз кәсіпорындарын аша бастады. Газ плитасын құрастырып жатыр. Жергілікті 35 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме алдағы уақытта кір жуғыш машинасын да жасауға ниетті екен. Сондай-ақ, тағы екі жоба бар.

Хикмат Раимбеков, ОҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

Индустриалды аймақта пластик терезе-әйнек жинайтұғын бір жоба осы жылы қосу жоспарланған. Одан бөлек біздің Оңтүстік индустриалды аймағымыз бар, Шымкент  қаласында, ол жерде «Битум верг» деген битум шығаратын кәсіпорын өз құрылысын жүргізіп жатыр.

Кірістер департаментінің дерегінше тек Оңтүстік Қазақстан облысының  Өзбекстанмен сыртқы тауар айналымы 2017 жылы 746 млн доллардан асып жығылыпты. 2016 жылмен салыстырғанда 89 млн долларға немесе 13,5 процентке өскен. 

Сонымен бірге Өзбекстан ОҚО-ның негізгі экспорттық тұтынушысы болып табылады.2017 жылы облыстың жалпы экспорт көлемі 273 млн. АҚШ долларын құраған. 1 млн 410 мың тоннаның тауары Өзбекстан республикасына экспортталды. Негізгі экспортталатын тауарлар  – мұнай, 98 млн АҚШ долларын құрайды және ұн - 80 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сондай-ақ, экспортталатын тауарлардың ішінде қара металлдар,көкөністер, өсімдік майлары, цемент, алюминий бар.

Ғалымжан Орынов, ОҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: 

Мысалы, Өзбекстан Қазақстандық көкөністерді, оның ішінде негізінен картоп өнімдерін біздің отандық тауар өндірушілерге негізгі жаңа нарығы болып саналады. Бұрын соңды біз Өзбекстаннан картоп алып келсек, қазір Өзбекстан Республикасы біздің картопты тұтынып жатыр.

Өзбекстан импорт бойынша да күнгеймен біраздан серіктес. Былтыр өңірге 441 млн доллардың өнімі кірген. Бұл аймаққа кірген жалпы импорттың 38 пайызы. Келген тауардың басым бөлігі жеміс-жидек. 460 мың тоннадан асады.

Негізі барыс-келістің жеңілдегені бәрінен бұрын қарапайым халықты қуантып отыр. 

Айжан Ермекқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

Жалпы өзбекстандық ағайыннан үйренеріміз көп. Ол кісілер туа бітті еңбекқор, қашан да қарасаң жер жыртып, әйтеуір нәпақасын өз еңбегінен айырып жүреді. Әрине, біздің елде де қазақстандықтар жалқау деп айта алмаймыз. Олар да кәсіпке, еңбекке бейім, дегенмен де ала шапанды ағайыннан үйренеріміз, аларымыз көп.

Эсмира Идоядова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Шекара ашылғалы бәрінен бұрын екі елдің қарапайым халқына жақсы болып қалды. Ол жақта туыстарымыз көп тұрады. Бірақ шекарадан өту қиын еді. Арнайы автобустар қатынайтынына тіпті қуанамыз. Көкөністер енді арзандайды.Ташкентте әлдеқайда арзан.

Иә, интеграцияға қуанбай отырғандардың уайымы да сол, көрші елде баға кәдімгідей арзан. Алайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бәсекеден қашып құтыла алмайтындарын айтты. Бірақ қолдау болады.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы:

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кооперациялар арқылы барынша қолдау қажет. Облыс әкімімен осы мәселе жайында сөйлестік. Арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Кәсіпкерлерге тауарды өңдеу, сақтау және сату бойынша қандай ұсыныстар бере алатынымызды пысықтаймыз.

Ерғазы Ақжол, саудагер:

Бұл жерде кеденнің еркін түрде ашылғаннан кейін ешқандай растаможка түрлері алынбайтын болса бұл жақта біз уже сата алмаймыз. Өзбекстанның халқы өзі келіп сатып, өзі келіп алып кете беретін болады, сол жағынан өздеріңіз қарап көрсеңіздер біз шамалы құлдырауға кеп қаламыз.

Әрине, біздің өнім өндірушілер нарықтан мүлдем шығып қалмауы керек. Оларды қолдау қажет. Әйтсе де нарықтың заңы солай - біреу ұтылады, біреу ұтады. Бірде пайда, бірде зиян. Тұтынушы үшін таластан тұтынушы ұтады. Яғни бәсекесіз бәрі бекер. 

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің  уақыт.