Негізгі / Жаңалықтар / Риддер қаласы әкімінің орынбасары мас күйде көлікпен адам қағып өлтірді

Риддер қаласы әкімінің орынбасары мас күйде көлікпен адам қағып өлтірді

Риддер қаласы әкімінің орынбасары мас күйде көлікпен адам қағып өлтірді. Ал шахар әкімдігінде жұмыс істейтін шенеуніктер "бұл апат бүкіл қаланың қасіреті" дейді. 45 жастағы Бауыржан Құрманбаев өзінің BMW Х5 маркалы көлігін жүргізіп келе жатып, 19 жастағы жігітті қағып кеткен. Ауыр соққыдан жаяу жүргінші жедел жәрдем жеткенше қаза тапқан. Қазір күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Көлік апатына қатысты өзге деректерді полицейлер әзірге жарияламай отыр. Дегенмен оқиғаның Айдарханов көшесі бойында орын алғаны белгілі. Қайтыс болған азамат жол бойымен кетіп бара жатқан. Машина қаққан кезде оны жыраға лақтырып жіберген.

Әйгерім Нұрғазина, ШҚО ІІД баспасөз хатшысы:

Жаяу жүргінші жолдың шетінде көлікпен бір бағытта кетіп бара жатқан. Апат осы кезде болған. Қазір Риддер қаласының ІІБ сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлік тізгінінде қала әкімінің орынбасары отырғаны және оның мас күйде болғаны анықталды.

Адам өліміне әкеліп соққан көлік апатына шенеуніктің қатысы болғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Тергеу ісіне шенді полицейлер араласты. Аймақтың бас  сақшысы  генерал Жанарбек Бақтыбаев істі өз бақылауына алған. Күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Риддер әкімдігі жігіттің отбасына көңіл айтып, көмек қолын созды.

Жомарт Мұратов, Риддер қаласының әкімі:

Бұл біздің қаламыз үшін үлкен қасірет. Отбасына барлық қажет көмекті көрсетеміз. Тергеу заңға сай жүргізілетінін айтқым келеді. Ары қарай қандай шешім шығаратынын сот заңға сай шешеді. 

Айжан ҚУАШ