$448.72 €493.86 ₽5.49

"Марихуана шектім": Петропавлда есірткіге мас күйде көлік басқарған жүргізуші ұсталды

"Марихуана шектім": Петропавлда есірткіге мас күйде көлік басқарған жүргізуші ұсталды
Polisia.kz

Құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды

Петропавлда есірткіге мас күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Astana TV.

Петропавл қаласында рейдтік іс-шара барысында полицейлер есірткіге мас күйде көлік басқарған 46 жастағы жүргізушіні анықтады. Оқиға сағат 20:00 шамасында Кеншинбаев пен Астана көшелерінің қиылысында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері "Audi" автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің көз қарашықтары жарыққа реакция бермейтіні байқалған. Осыдан кейін ер адам облыстық наркологиялық орталыққа жеткізілді. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның каннабиноидтарды қолданғаны анықталды. Жүргізушінің өзі де марихуана шеккенін мойындаған. Құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, мас күйде көлік басқару ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

- Жыл басынан бері облыс орталығында мас жүргізушілердің кінәсінен 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам жарақат алды. Мас жүргізушіні ұстаудың әрбір дерегі – ықтимал жол апатының алдын алу. "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деп атап өтті ол.