$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мейрамхана, хостел, лифт және өрт қауіпсіздігі сияқты бизнестің бірнеше түрі мемлекеттік бақылауға өтуі мүмкін

AstanaTV
16.04.2018ж. 20:00
3735
Мейрамхана, хостел, лифт және өрт қауіпсіздігі сияқты бизнестің бірнеше түрі мемлекеттік бақылауға өтуі мүмкін

Астанада бірнеше бизнес түрі қайта мемлекеттік бақылауға көшуі мүмкін. Бүгін бас қалада өткен кәсіпкерлер конференциясында әкім Әсет Исекешов "Атамекен" палатасына шағымданды. Ол бақылаудан босатылған кейбір бизнес түрлері тым босаңсып кеткенін айтты. Алты саланы атап көрсетті. Оның ішінде өрт қауіпсіздігі мен  мейрамхана қызметін тексеру қиындаған.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Астанада қымбат қонақ үйлерге балама пайда болады. Тіпті бағасы жағынан хостелдерден арзанға түсетін "Капсула қонақүйлер" ашыла бастайды. Мамыр айында жаңа теміржол воказалына мынадай 10 капсула келеді. Құрылғыны Қытайдан сатып алған. Идея авторына кәсіпкерлер палатасы 3 млн теңге грант та бөліпті. Қазақстанда алғаш рет орнатылады. Аумағы 1*1,5 шаршы метр. Іште интернет, телефонды қуаттау, теледидар сияқты қажеттіліктер болады.

Жәбия Ғаділбақытқызы, кәсіпкер:

Капсула модулі тұрады. Адам келеді картамен автоматты түрде ашады. Кіріп демала береді. Бағасы 2 мыңнан болды. Арзан болады.

Астана әкімдігі креативті кәсіпкерлікті қолдауға әзір. Кезінде Индустрия және жаңа технологиялар министрі болған Әсет Исекешевтің түрлі ноу-хауларға жақын екенін ешкім жоққа шығармайды. Корея мен Сингапурда ЖІІ-нің 10 пайызын креативті индустрия береді дейді. Астанада мұндай үш мың компания бар көрінеді.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Соңғы айлардың өзінде Астанада 2 жекеменшік заманауи өнер галареясы ашылды.  Біз заманауи кластерлерді қолдауға, ынталандыруға әзірміз. "Пирамидада" бизнес бас қосатын заманауи өнер орталығы ашылады.

Ал дәстүрлі бизнес бағынбай жатыр. "Дуинг бизнес рейтінгі" үшін бірсыпыра бақылау алынып тасталған. Енді қаладағы құрылысқа шағым көбейді. Біткен ғимаратты қабылдауға мемлекет қазір қатыспайды. Ол жұмыс жекеменшік бағалаушыларға өткен. Сондай-ақ құрылыс қалдықтарын таситындар қаланы қоқысқа айналдырып жатыр. Лифтілердің жайы бір бөлек. Сондай-ақ мейрамхана мен өрт қауіпсіздігі де қазір қадағалауға зәру, - дейді әкім. Елдің бас кәсіпкері, бизнес көнбей жатса, қайта мемлекеттік бақылау күшеюі ықтимал деді. 

Тимур Құлыбаев, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы:

Давайте в рамках столицы отработаем все это взаимодействие. Таким образом, если увидим все-таки, что где-то необходим госконтроль, лицензирование, стандарты, будем над этим работать.

Дәстүрлі сұрақ-жауап кезінде дизайнер Құралай Нұрқаділова да төбе көрсетті. Жуырда Астанаға көшіп келген ол бизнесін осында дөңгелетпек. Дизайнер, оқушылардың мектеп формасы үшін ортақ стандарт керек, дейді. Әркім әр түрлі форма тігеді. Матаның сапасы төмен, пішіні ыңғайсыз дейді. Сыңайына қарағанда, бүкіл оқушыға ортақ үлгі әзірлеуге дайын сияқты.

Құралай Нұрқаділова, дизайнер: 

Иығында қаттамасы бар костюм, оның сыртынан күрте немесе тон, оның үстіне сөмке арқалау балаға өте ыңғайсыз. Формасын, дизайнын өзгертуге болады. Мен бұл мәселеге ұзақ ойланып келдім. Қазір жауапкершілік алуға дайынмын деуге болады. 

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Оқушылар демекші, 2019 жылдан бастап жоғары сыныпта "Кәсіпкерлік негіздері" атты қосымша сабақ оқытыла бастайды. Тимур Құлыбаев қазір атамекнедіктер тәжірибесімен бөлісіп, оқулық жазып жатқанын айтты. Ол мұндай сабақтар баланы бизнеске жастайынан баулуға сеп болады деп, күтеді.