«Ауылдағы проблемаларды ақпарат құралдарына неге айтасың?» Оңтүстікқазақстандық қария өзін бірнеше адамның осылай деп айыптап, тіпті ұрып-соққанын айтып ашынады. Ақсақалдың сөзінше, жасы жетпіске жуықтаған оны тепсе темір үзетін үш жігіт қорқытып, күш көрсеткен.
Бәйдібек ауданына қарасты ауылдардың бірінде жиын өткен. Сол басқосуда қария елді мекендегі қиындықтарды айтып, тезірек түзелсе деген ниетін жеткізеді. Ал ертеңіне Дүйсенбек Сазанбекұлын үш ер адам жергілікті телеарнаға сұхбат беріңіз деп үйінен алдап әкетеді. Зейнеткерді көлікке мінгізіп алған соң, күш көрсетіп, телефонын тартып алған. Қаланың сыртына апарып, әбден қорқытады. Таяқ жеп, қан қысымы көтерілген қарияны айдалаға тастаған үшеу көліктеріне мініп тайып тұрған.
Дүйсенбек Сазанбекұлы:
Жетпіске келгенде мұндай қорлықты...оңбағандар... Ұрып өлтірмесе де, моральный менің намысыма тиді. Мен Бәйдібек ауданының құрметті азаматымын. Намысыма тиіп, одан да бауыздап өлтіріп қойғанда жақсы еді.
Үйіне әрең жеткен Дүйсенбек ақсақал қазір ем қабылдап жатыр. Ал, осы оқиға бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғаған. Күдікке ілінген үш азамат ұсталып, Ішкі істер департаментіне жеткізілген. Олар Шымкенттің тұрғындары екен. Күдіктілердің әкесіндей кісіге неге қоқан лоққы көрсеткені әзірге белгісіз.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп тексеру
тізіміне тіркелді. «Өзінше билік ету» бабы бойынша сотқа дейін тергеу амалдары
жүргіліп жатыр. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен
жедел іздестіру жұмысының барысында күдікті ретінде үш азамат анықталып, Ішкі
істер департаментіне жеткізілді. Олар барлығы
Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.