$455 €498.77 ₽5.56

Қазақстандағы әлеуметтік сақтандыру: 7 миллион азамат қандай қолдау алады?

Қазақстандағы әлеуметтік сақтандыру: 7 миллион азамат қандай қолдау алады?
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жыл сайын 1,3 миллионнан астам азаматқа төлем жасап, әлеуметтік тәуекелдер кезінде қосымша қаржылық қолдау көрсетеді

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Бүгінде жүйемен 7 миллионға жуық азамат қамтылған, ал жыл сайын 1,3 миллионнан астам адам әлеуметтік төлем алады. Әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда сақтандырылған азаматтарға жыл сайын 900 миллиард теңгеден астам қаражат төленеді, деп хабарлайды Astana TV.

Жүйенің негізгі мақсаты – ресми еңбек ететін азаматтарды еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмыссыз қалу және ана мен баланы қолдау сияқты жағдайларда қаржылай қорғау.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Халықаралық еңбек ұйымының халықаралық стандарттарын ескере отырып құрылған. Оның негізінде ортақ жауапкершілік, әділдік және әр азаматтың әлеуметтік аударымдарын жеке есепке алу қағидаттары жатыр. Қазіргі уақытта жүйе цифрлық және проактивті форматта жұмыс істейді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төрт негізгі әлеуметтік тәуекел бойынша төлем жүргізеді.

Бірінші бағыт – еңбек ету қабілетінен айырылу. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамдылығын жоғалтқан сақтандырылған азаматқа зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ай сайын әлеуметтік төлем тағайындалады.

Екінші бағыт – асыраушысынан айырылу жағдайы. Отбасының асыраушысы қайтыс болған кезде Қор оның балаларына кәмелет жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу бөлімінде білім алса, 23 жасқа дейін төлем жасайды. Сондай-ақ марқұмның өзге де асырауындағы адамдарға қаржылай қолдау көрсетіледі.

Үшінші бағыт – жұмысынан айырылу. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматқа Мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынып, тұрақты жұмысқа орналасуына көмектеседі. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бұрынғы табысының 45 пайызына дейінгі мөлшерде үш айға дейін әлеуметтік төлем төлейді.

Төртінші бағыт ана мен баланы қолдауға арналған. Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдер әйелдің табысына қарай есептеледі. Ал бала дүниеге келгеннен кейін оның бір жарым жасқа толуына дейін ай сайын күтіміне байланысты төлем беріледі.

Қордың қолдауының арқасында жүздеген мың отбасы бала өмірінің алғашқы кезеңінде оның күтіміне көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік алған.

Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу тәртібі де жеңілдетілген. Азаматтың табысы туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болған жағдайда, төлемді eGov.kz порталы арқылы немесе SMS-хабарлама негізінде проактивті қызметті пайдаланып рәсімдеуге болады. Қажет болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарына да жүгінуге мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметтердің 80 пайызға жуығы электрондық форматта көрсетіледі. Бұл азаматтардың өтініш беру уақытын қысқартып, төлемдерді қашықтан рәсімдеуге жағдай жасайды.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне аударымдар азамат ресми жұмыс істеген кезеңде төленеді. Жалдамалы қызметкерлер үшін бұл қаражатты жұмыс беруші өз есебінен аударады және ол қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Ал кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік аударымдарды өздері төлейді.

Осылайша, әлеуметтік аударымдар азаматтың болашақта әлеуметтік тәуекелдерге тап болған жағдайда қосымша қаржылық қорғанысын қалыптастырады. Қор төлемдері мемлекеттік базалық жәрдемақыларды толықтырып, отбасының табысын қолдауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік сақтандыру төлемдері отбасының әл-ауқатына немесе табыс деңгейіне байланысты емес. Оларды алу құқығы азаматтың жүйеге қатысуына және ол үшін әлеуметтік аударымдардың төленуіне негізделеді.

Жүйенің тиімділігін 2026 жылғы еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша ұзақ мерзімді төлемдер статистикасы да көрсетеді. Қор деректеріне сәйкес, жүйеге қатысу кезеңінде 166 мың қолданыстағы алушы үшін 96 миллиард теңге әлеуметтік аударым түскен.

Ал осы азаматтарға төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 400 миллиард теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары үшін қаржылық қолдаудың маңызын аңғартады.