$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Трамп Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін кейінге қалдырды

AstanaTV
17.04.2018ж. 20:00
1843
Трамп Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін кейінге қалдырды

Ал Дональд Трамп Ресейге қарсы кезекті санкцияларды кейінге қалдырды. Ақ үй басшысы кеңесшілерімен ақылдасқан соң осындай байламға келген. Мұны The Washington Post хабарлады. Бұған дейін Кремль экономикалық шектеулерді  "бәсекелестерді нарықтан ығыстыру үшін жасалған халықаралық экономикалық басқыншылық" деп атаған. Кезекті санкциялардың нақты мерзімі айтылмады. Соған қарағанда, Вашингтон Мәскеудің қандай қадамға баратынын бақылап отырған сыңайлы. Еске салайық, бірер күн бұрын АҚШ тың БҰҰ дағы тұрақты өкілі Никки Хейли шектеулер енгізілетінін айтқан. Бұл жолғы санкциялар Ресейдің Сирияға қатысты саясатына жауап ретінде қаралмақ. Ал 7 сәуірдегі химиялық шабуыл жасалды деген ақпаратқа ешбір айғақ табылмады. Бұл туралы Дума тұрғындарына сілтеме жасап, америкалық One America News Network телеарнасы хабарлады.

Пирсон Шарп, "One America news network" тілшісі:

Мен ондаған адаммен сөйлестім. Олар ешқандай химиялық шабуыл туралы естімегенін, көрмегенін айты. Сол күні әдеттегі тіршілігімен жүргенін, оғаш ешнәрсе байқамағанын мәлімдеді.

Тиым салынған химиялық қарулар бойынша ұйымның өкілдері әзірге ресми ақпар берген жоқ. Аталған ұйым сарапшылары жуырда ғана арнайы тексеріске кірісті. Алайда, бұл АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның 14 сәуірде Сирияға әуе соққысын жасауына кедергі келтіре алмады.