Кемероводағы
«Зимняя вишня» сауда орталығындағы өрт жарықшам электр сымының қысқа
тұйықталуынан болған. Санкт-Петербург университеті өрт оқиғаларын сараптау
орталығы мамандары осындай қорытындыға келді. Бұл туралы «Коммерсант» басылымы
хабарлады.
Ресми дерекке сай, өрт алдымен 4 ші қабаттағы балалар ойнайтын
аумақта басталған. Шатырдағы қар еріп,
аққан су сымдарға тиген. Салдарынан от тұтанып, алдымен пластик люстра жанған,-
деп жазады басылым. Мұнан соң өрт жылдам күш алып, бүкіл ғимарат қызыл жалынға
оранған. Бірнеше минутта айналаны қою түтін басып, адамдардың қаза табуына
себеп болған. Кинотеатрдан шыққандардың
көпшілігі қосымша есікті таба алмаған. Оның үстіне есіктер жабық болған.
Адамдардың біразы кинозалдан шыға алмай, ысқа тұншығып көз жұмған. Мақаладағы
деректерге сай, өрттен қорғайтын автоматты құрылғы мен дабыл жүйесі жұмыс
істемей тұрған. Алғашқысы шын мәнінде істен шыққан, ал екіншісін күзетшілер
қоспаған.
Еске салайық, 25 наурызда
Кемероводағы ірі сауда орталығында болған алапат өрттен 64 адам көз жұмды. Оның 41-і бала. Қазір бұл
оқиға бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті ретінде 7 адам тұтқындалған.