$455.12 €498.99 ₽5.55

Пойызды негізсіз тоқтатқаны үшін шетел азаматы жауапқа тартылды

Пойызды негізсіз тоқтатқаны үшін шетел азаматы жауапқа тартылды
Polisia.kz

Ақтөбе облысындағы Қандыағаш – Жем теміржол аралығында оқыс оқиға болды. Көрші елдің 51 жастағы азаматы стоп-кранды абайсызда іске қосып, пойыздың шұғыл тоқтауына себеп болған, деп хабарлайды AstanaTV.

Нәтижесінде пойыз жоспардан тыс 19 минут аялдады. Осы дерек бойынша Қандыағаш станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері шетел азаматын пойызды негізсіз тоқтатқаны үшін заңда көзделген жауапкершілікке тартты. Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 15-і стоп-кранды заңсыз әрі негізсіз іске қосу салдарынан болған.

Мұндай әрекеттер пойыздардың қозғалыс кестесін бұзып қана қоймай, жолаушылар мен пойыз бригадасының қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді. Сондай-ақ ауыр жарақат алу қаупін арттырады. Осыған байланысты көліктегі полиция департаменті азаматтарды теміржол инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Стоп-кран пойызды төтенше жағдайда шұғыл тоқтатуға арналған құрал екенін, оны негізсіз пайдалануға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында мұндай құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.