Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Алматыда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген автобус жүргізушісі 10 жыл жаза арқалауы мүмкін - ІІД

AstanaTV
18.04.2018ж. 20:00
2578
Алматыда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген автобус жүргізушісі 10 жыл жаза арқалауы мүмкін - ІІД

Алматыда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген қоғамдық көлік жүргізушісі, кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қазір ол қамауға алынған. Полиция автобус жол ережесін өрескел бұзған деді. Бірақ автопарк басшылары мұнымен келіспейді.

Бүгін таңғы сағат 8 жарымдарда Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында адам өлімі тіркелді. 126-шы бағыттағы автобус бағдаршам белгісіне жеткенде жылдамдығын баяулатпастан, жолға шыққан жас қызды қағып жазым етті.

Көше қиылысында орнатылған бейнебақылау камерасына жазылған мына таспада жеңіл көліктің бағдаршамға келіп тоқтағанын көруге болады. Сол сәтте оның артынан келген автобус, оң жағынан айналып өтемін дегенде, келеңсіз жайт орын алған. Куәгерлердің сөзінше, жойқын соққыдан жаяу жүргінші 20 метрге домалап кетті дейді.

Автобус ехал, и где-то он на желтый заехал. Она сразу скончалась, метров 20, наверное, отлетела.

Ішкі істер департаменті бұл іске қатысты тергеу амалдарын бастаған. Автобус жүргізушісінің 1977 жылы туған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екені анықталды. Қазір уақытша қамау изоляторында.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Қоғамдық көліктің тізгінінде отырған ер азаматтың жол жүру ережесін өрескел бұзу салдарынан осындай жол апаты орын алды. Қылмыстық кодекстің 345 бабы, 3 тармағының санкциялары 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларын көздеп отыр. Міндетті түрде сот өзінің шешімін шығарған кезде ауырлататын және жеңілдететін мән жайларды есепке алады.

Ал, қоғамдық көлікке жауапты «Green Bus Company" басшылығының уәжі басқа. Олар жүргізушінің қызыл түске өтпегенін айтады. Әрі, жүргізушінің тәртібі жақсы, жол ережесін бұзған емес. 2 жылдық жұмыс тәжірибесі барысында бір рет қана айыпұл төлеген дейді. Сараптама қорытындысынан кейін шындық белгілі болады деп отыр.

Бақытжан Рысбаев, «GREEN BUS COMPANY" ЖШС директорының орынбасары:

Жүргізушінің сөзінен, ол кезде жасыл свет жанып тұрған. Сол кезде жолаушы Мекен Айғаным жүре бастаған. Автобустың алдына жеңіл көлік тоқтағаннан кейін бірінші жолға ауысып азаматты қағып кетті. Бұл жерде біраз экспертизалар жүруде. Қазір біздің жүргізушінің өзінің айыптылығын сол инстансалар береді. Шынында да жасыл свет жанған ба, басқа жағдай болған ба. Оны тек экспертизадан кейін бірнәрсе айта аламыз.

Олжас Нұржақып, тілші:

Көлік компаниясы өкілдері қаралы шаңырақтың қайғысына ортақ екенін білдірді. Барынша көмек қолын созуға ниетті. Нақты қандай жәрдем көрсетілетінін, қанша қаржы бөлетіндерін алдағы уақытта айтпақ. Ал, жол апатынан көз жұмған қыздың 1994-ші жылы туғаны белгілі. Әзірге өзге еш дерек жоқ.

Олжас Нұржақып