$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде 1 мың ІТ класс ашылып, кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады - М.Әшімбаев

AstanaTV
18.04.2018ж. 20:00
3198
Елімізде 1 мың ІТ класс ашылып, кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады - М.Әшімбаев

Елімізде 1 мың ІТ класс ашылып, кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады. Бұл - «Цифрлы Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын нақты жобалар. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында осылай деді. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру мақсатында бірнеше бағытта меморандумдар қабылданды.

Партия төрағасының бірінші орынбасары аймаққа сапарын «Қазақстан электролизі» зауытынан бастады. Жылдық қуаты 250 мың тонна болатын кәсіпорын- Павлодар ғана емес, Қазақстандағы маңызды стратегиялық нысан. Экспорттық потенциалы да ерекше. Өнімнің 90 пайызы әлемдік нарыққа шығарылады, демек, сұраныс бар. Сәйкесінше, алюминий сапасы жоғары. Жұмыскерлердің әлеуметтік мәселелері оң шешілген. Осыны негізге алған «Нұр Отан» партиясы зауыт қабырғасында «Қазақстан кәсіподақтар федерациясымен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев партия филиалының активімен кездесті. Биыл 22 жоба іске асырылмақ. Соның бірі - "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында қолға алынған «1000 ІТ сынып» жобасы. Бәрі ойдағыдай болса, жылына 150 мың бала оқытылады деп жоспарланған. Курс мерзімі үш және алты ай. Сондай-ақ, маман даярлайтын 20 ІТ орталық құрылады.

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

ІТ класстарында балалаларды бағдарламалаудың және робототехниканың негіздеріне үйретеміз. Ол үшін арнайы шетелдік тәжірибені қарап жатырмыз. Класстар мектепте беріліп жатқан пәндерге қосымша факультативті түрде беріледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында партия нақты істердің бастамасы болмақ. Бұл тұста, кітапханаларға жастарды тарту мәселесі қарастырылып отыр. Онлайн-кітапхана, ортақ база жасақтау және жастарға ыңғайлы орта құру - басты талап.

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қалыптастыру. Бұл жұмысқа да біз бизниспен, мемлекеттік емес ұйымдармен бірге атсалысып, осы салада біраз жақсы өзгерістерге себепші боламыз деп сенеміз.

Мәулен Әшімбаев жастар ұйымдары белсенділерімен де кездесті. Қоғамдық сананы жаңғыртуда өскелең буынның берері мол. Сондықтан, оларға артылар жүк те ауыр.  

Төлеген Айтбаев, Павлодар облысы жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының м.а.:

Елбасымыз жаңа Жолдауында «Цифрлы Қазақстанды» дамыту туралы айтып кеткен еді. Сондықтан біз  IT орталықты ашуды дұрыс көрдік және де бізде «Бизнес-цех» атты жас кәсіпкерлерді дамыту орталығы жұмыс істегендіктен екеулерінің тығыз байланыстығын бірден аңғардық.

Мәулен Әшімбаевтың Павлодар өңіріндегі сапары барысында 4 меморандум қабылданды. Осылайша «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік органдар және бизнес ұйымдармен етене жақын жұмыс істеуге әзір екенін танытты. Өңірде пилоттық жобаларды іске асыру басталып та кетті.

Әсемгүл Мұхитқызы