$458.13 €502.29 ₽5.58

Үрлемелі қайықпен ашық теңізге шыққан: Екі адамды құтқарды

Үрлемелі қайықпен ашық теңізге шыққан: Екі адамды құтқарды
фото скрин

Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 2 хаттама толтырылып, айыппұл салынды

ТЖМ қызметкерлері Каспий теңізінде екі адамды құтқарды, деп хабарлайды Astana TV.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының аумағында теңіздегі қатты толқын салдарынан үрлемелі қайықпен ашық теңізге қарай ығып кеткен екі ересек адамға көмек қажет болды.

Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды.

Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде екі адам да жағадан 3 шақырым қашықтықтан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құтқарылған азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 2 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді: ауа райы қолайсыз және теңіз қатты толқып тұрған кезде суға шықпаңыз, үрлемелі қайықпен жағадан алысқа ұзап кетпеңіз, құтқару кеудешесін міндетті түрде киіңіз. Судағы қауіпсіздік - өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығының кепілі!