$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Астана әкімдігінің қызметкерлері таксимен жүрмек. Үнем?

AstanaTV
21.04.2018ж. 20:00
2601
Астана әкімдігінің қызметкерлері таксимен жүрмек. Үнем?

Астана әкімі Ә.Исекешев әкімдік қызметкерлері биыл жаздың ортасынан бастап қызметтік көлікпен жүрмейтінін хабарлады. Мемлекеттік сатып алулар бар салаларды жеке бизнеске беру процесіне сай, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында. Сөйтіп әкімдік қызметтік көліктерді жалға алмақ. Алайда әкімдіктің гаражында көлік ұстамау әрекеті шын мәнінде тиімді ме? Диана Сапарқызының материалы. 

Астана қаласының коммуналды кәсіпорынының қызметкерлері қызметтік көліктің орнына такси қызметін пайдаланып жүргендеріне екі айдың жүзі болды. Шолпан Мәжитова үшін әкімдікке барып, жалпы қала ішінде таксимен жүру қалыпты жағдайға айналған. Оның айтуынша, такси қызметі жеке қызметтік көліктен кем емес.

Шолпан Мәжитова, «Астанаэнергосервис» АҚ маманы:

Ең бір тиімдісі такси қызметімен діттеген жеріңе тез жетесің, себебі оларға бас-лейнмен жүруге рұқсат бар.  Тағы бір тиімдісі, такси алып кетіп, әрі қарай кете береді. Ал қызметтік көлікпен жүрсең, барған жерінде көлік тұрақтарында  орын табу қажет.

Көлік тұрағы демекші, әкімдіктің маңайында бейнелеп айтқанда, "ине шаншыр жер жоқ".  Жұмыс күндері өте қиын.  Айтпақшы, осыған байланысты Елорда басшысы Елбасыдан сын естіген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: / 05.04.2018ж.

Парковки у нас притча во языцех давным-давно. Покажи слайды. Вот, Нуржол, возле дома правительства и перед самим акиматом. Смотри, о чем говорит? Перед глазами у тебя, в окно посмотришь, такой бардак. – Нурсултан Абишевич, это, наверное, какое-то крупное совещание было, бывает так. – Поймали, да, тебя?

Шенеуніктердің таксиге отыруына осы сын себепкер болды ма? Бізге бұл жағы беймәлім. Алайда таксокомпаниялар әкімдіктің бұл идеясына қатты қуанғандарын жасырмады. Мемлкеет пен жеке мешік кәсіп арасындағы бұл бастамадан қаладағы 11 жеке меншік транспорттық компания дәмеленіп отыр.

Медет Кұрманов, Астана қаласы көлік қауымдастығының төрағасы:

Мемлекттік мекемелермен жұмыс істесек, бізде тұрақты тапсырыс болады. Мысалы, айына 45 мың тапсырыс алдық дейік, бұл есепшотымызға  120-140 млн теңге түседі деген сөз.

Әкімдік те "ұтамыз" деп есептейді. Қызметтік көліктерді ұстап тұру мен қызмет көрсетуге олар да 140 млн теңге жұмсайды екен. Яғни көліктерді жекеменшік компанияларға беріп, сонша ақша үнемдейміз деп отыр.

Малика Бектұрова, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Мысалы, шоферға жалақы төлеу керек, машина амортизациясы бар, гаражға қою үшін бір жерден жалға орындар алу қажет.  Яғни көлікті тек жалдап, осы шығындардан құтылуға болады. Сізге бір жиналысқа бару керек дейік, соған барып ғана, тек соның төлемін жасайсыз.

Малика Бектұрованың сөзнше, такси қызметін әкімдіктің барлық қызметкерлері пайдаланатын болады. Тіпті әкімдер де. 

Малика Бектұрова, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір лауазымдарына сай қызметтік көліктерде жүргендердің барлығы дерлік такси қызметін пайдалануға көшетін болады. Сондай-ақ әкім мен әкімнің орынбасарлары да таксимен жүреді.

Әйтсе де шенеуніктердің такси жалдағаны керемет үнем болады, егер олар премиум класты көлік таңдамаса ғана. Ал таксомоторлы компанияларда ондай автолардың саны екеу-ақ. Және бағасы екі есе жоғары.  Мысалы, Астана әкімдігінен Министрліктер үйіне дейін эконом көлікпен 700 теңгеге барсаңыз, бизнес  класспен 1000, ал премиум автомен 1300 теңге шығады.

Шенеуніктер премиум класс көліктер туралы ешнәрсе демеген. Дегенмен такси компаниялар ВИП санатындағы 9 автомобиль алуды жоспарлап отыр. Сұраныс болатынын сезе ме екен?..

Диана Сапарқызы, тілші:

Қазір елордалық шенеуніктер мына қаз-қатар тізілген соңғы моделдегі «киа» жəне «шкода» маркалы қызметтік көліктердің қызығын көріп жүр. Бірақ əкім мен оның орынбасарларының көлігін бұл жерден таба алмадық... Жоспарлары бойынша  бұл көліктерді басқа мемлекеттік органдарға өткізбек. Ал шенеуніктер такси қызметін пайдаланған күннің өзінде олар ұсынатын көлік маркаларына көңілі тола ма екен?!

Негізі, апта басында әкімдік өкілдері өздері мініп жүрген көліктерді такси компанияларға сататындарын айтқан болатын. Бағасы туралы үндемеген. Алайда кейін "жоқ, сатпаймыз" деп шықты. Көлік керек департаменттер мен өздеріне қарайтын компанияларға беретіндерін айтты.

Данияр Якупов, Астана қ. мемлекеттік сатып алу және активтер басқармасы басшысының орынбасары:

Машиналар сатылмайды, олар бізге қарайтын мекемелерге беріледі, мысалы, ішкі істер департаментіне, жергілікті полицейлерге, емханаларға.

Астана әкімдігінің балансындағы 80-дей автокөліктің бәрі премиум класс емес, тіпті көбі аса қымбат емес. Дегенмен былтыр әкімдіктің 55 млн теңгеге S класты Mercedes алғанын білеміз. Бұл көлік жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алуға керек, протокол бойынша солай болуы тиіс, деп түсіндірген етін...

Данияр Якупов, Астана қ. мемлекеттік сатып алу және активтер басқармасы басшысының орынбасары:

Дәл осы Мерседес Бенстің қайда және оған не болғанын айта алмаймын.

Қызметтік көліктен бас тарту идеясы бірінші Шымкенттің былтыр күздің ортасына дейін әкімі болған Ғабидолла Әбдірахимовтың басына келгені мәлім. Ол қол астындағы қызметкерлеріне 1 айға дейін қызметтік көлік мінгізбей қойған.  Олардың қоғамдық көлікпен жүргені талай сюжеттің арқауы болды. Алайда қазіргі басшылық бұл тәжірибені жалғастырмапты. Әйнегі қараңғыланған қара машиналар жүйткіп жүр.

Ал «Қазавтопром» - автомомобиль саласы кәсіпорындары одағының жетекшісі Олег Алферов болса мемлекеттік органдардың неге шетелдік және арзан емес көлік алатындарын түсінбейді. Ол басқаратын ұйымның есебінше, былтыр шенеуніктер шетелдік автоларды аса бір құштарлықпен алған. Алферов отандық автозауыттарға басымдық беруді заңмен бекітуді, ал көлікті шенеуніктердің қызметтік деңгейіне қарай бөлуді ұсынып келеді. Бірақ қолдау тапқан емес.

Олег Алферов, «Қазавтопром»автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы:

Сатып алынатын автомобильдер, оның ішінде премиум класындағы көліктер қымбат және қажеті шамалы опциялармен жабдықталған. Біздің есебімізше, егер осы бағыттағы тендерлер отандық өндірушілердің жеңісімен аяқталса, түрлі деңгейдегі бюджеттер 1 млрд –тан астам теңге үнемдер еді. 

Диана Сапарқызы "Біздің уақыт".