$518.31 €567.96 ₽6.03
×

Өзбекстан президенті мұғалімдер мен дәрігерлерді көше сыпырудан «азат» етті...

AstanaTV
21.04.2018ж. 20:00
2512
Өзбекстан президенті мұғалімдер мен дәрігерлерді көше сыпырудан «азат» етті...

Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев мұғалімдер мен дәрігерлерді тазалық жұмыстарына жеккендер заң алдында жауап беретінін айтты.«Мұғалімдерге көше сыпыртатындар мені ғана емес, саясатымызды сатып отыр», деген ол, Сырдария облысы, Сейхунабад ауданына барғанында. Kun.uz сайтының хабарлауынша, Мирзеев Самарқан облысы Қаттакурган ауданында көше сыпырып жүргенінде машина қағып, ажал құшқан 28 жастағы Диана Еникеева есімді мұғалімнің өліміне өзін де кінәлайтынын айтқан. «Самарқандтағы мұғалімнің мерт болғанын естідім, директор ма, хоким бе, екі-үш күн бұрын облысқа мейман келетінін айтыпты... Жүрегімнің түбінде мұғалімнің өліміне өзімді кінәлаймын. Барлық басшыларды соңғы рет ескертемін, егер қандай да бір облыста мұғалімдерді, дәрігерлерді немесе студенттерді тазалау жұмыстарына шығаратын болсаңыздар,қатаң жазаланасыздар. Қызметтен қуылудан бөлек, заң алдында жауап бересіздер. Сіңірген еңбекке қарамаймын, бұлай айтуымның себебі, жаңағыдай жағдай тыйылмай тұр», деген Өзбекстан президенті. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлерін еркінен тыс жұмысқа жегіп, хокимдер адамдардың қарғысына ұшырап отырғанына тоқталған. Бұл әрекеттермен жауларымызға көмектесіп отырсыздар, деген. Сонымен бірге ол «беті жылтыр» көріністерден шаршағанын, «показухадан» тіпті құсқысы келетінін айтыпты. Түрлі жиындарда сөйлейтін адамдарды дайындап қоятындарын да біледі екен. Өзбекстанда білім саласы қызметкерлерін құрылыс, жөндеу жұмыстарына, мақта жинауға, көше сыпыруға тартатыны белгілі дүние. Сол ақырындап оңалып келе жатқандай. Осы ескертуден кейін іле-шала  Өзбекстан үкіметі дәрігерлер мен мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа жегу мәселесін талқылады. Мәжбүрлі жұмысқа тарту енді төтенше жағдаймен теңестіріледі.