Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылорда өңіріндегі мектеп түлектері туған ауылына балалар ойын алаңын сыйға тартпақ

AstanaTV
20.04.2018ж. 20:00
5410
 Қызылорда өңіріндегі мектеп түлектері туған ауылына балалар ойын алаңын сыйға тартпақ

Ауылға тарту. Қызылорда өңіріндегі түлектер ерекше үрдісті қолға алды. Мектепті әр жылдары бітірген азаматтар туған ауылын абаттандыруға ден қойған. Олар саябақтар мен балалар алаңқайларын өз қолдарымен жасап, елді мекендерге сыйға тартпақ. Мәселен, Тұрмағамбет ауылындағы орта мектепті 2008 жылы бітірген түлектер жерлестері үшін демалыс саябағын салуды қолға алды. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Енді ауылда бүлдіршіндерге арналған әткеншек, түрлі аттракциондар, жасөспірімдер жаттығатын спорт алаңдары, үлкен кісілер үшін жасыл бақ пен жайлы орындықтар болады. Бұл істі 10 жыл бұрын ауыл мектебінен түлеп ұшқан сыныптың ер балалары қолға алған. Жігіттер әртүрлі мамандық бойынша еңбек етіп жүр. Олар сыныптас қыздарды басқосуға қонақ ретінде шақырыпты. 

Қуандық Айтпақов: 

Осы 91 жылы туылған азаматтардың жалпы ортақ бірлесіп шешкен ойы болатын. Сол нәрсені осы жүзеге асырып жатырмыз. Құдай қаласа, 25 май күні осыны табыстасақ па деп отырмыз ауылдық акиматқа.

Мектепті 20 жыл бұрын бітірген азаматтар да тартудан құр алақан емес. Олар ауылдағы жолдарды жөндеуге бел буып отырғанын айтты.

Ерсұлтан Төрахметов:

Ауылды дамытып, елді көркейтуге үлес қосып жатырмыз. Өзіміз түлеп ұшып, қазіргі таңда 29 бала әр-бір Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір-бір қызмет атқарып жатқан жайымыз бар. Қымбат болса да, өзіміздің артымыздан еріп келе жатқан жасөспірімдер өсіп келе жатқаннан кейін, ауылымыз деп, ел деп, жұрт деп, халық деп осыны істеуге тұра келді.

Ынталы азаматтардың бұл шешімін жергілікті билік қолдап отыр. Дауылкөл ауылының әкімі Бақытбек Байбарақовтың айтуынша, биыл абаттандыруға бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат жұмыстарды толық реттеуге жетпейді деді. Сондықтан жерлестердің көмегі дер кезінде келді дейді. 

Бақытбек Байбарақов, Дауылкөл ауылдық округінің әкімі:

Ауылымызда спрткомплекс бұрын болмаған. Ауылымыздың тумасы Бағлан Әуезов аудан әкімдігімен меморандумға отырып, осы ауылдан спорт кешенін салып беруге қол қойылды. Биылғы жылы ауылымыздың түлектері ауылымыздың орталығынан балалар ойын алаңын салып отыр.

Жастардың бұл ісі көпке үлгі. Кешегі оқушылар бүгінде ел ағалары болып, туған жерге тағзым етіп, ауыл аймақтың көркейуіне үлес қосуда.

Әлия Қайратқызы:

Туған жер үшін, туған ел үшін өз пайдасын тигізіп, түрлі салада жан-жақты дамуына өз үлестерін қосса деймін.

Ерсұлтан Өткелбаев:

Мысалы, біз қаржы жинап отырыс жасаудан бас тартып, оның орнына осы қаладағы ардагерлерді үйіне атаулы көмек көрсеттік, көмір түсіріп бердік, азық-түліктерін апарып бердік.

Мектептің шатырын ауыстыру, жолдарды жөндеу,  қосалқы шеберхана, жылыжай, спорт алаңдары мен саябақтар салу. Бұл мектеп түлектерінің туған жерге жасаған тартудың  жартысы ғана. Кей ауылдарда әр жылдардағы түлектер бірігіп, жазғы лагерь, аурухана, балабақшаларға қосымша бөлмелер салуды да қолға алды.

Шарипа САҚТАПОВА