$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Қазақ баласын кәсіпке баулу. «Бизнес және кәсіпкерлікті дамыту негіздері» пәні апробациядан өтіп жатыр.

AstanaTV
21.04.2018ж. 20:00
9845
Қазақ баласын кәсіпке баулу. «Бизнес және кәсіпкерлікті дамыту негіздері» пәні апробациядан өтіп жатыр.

Келесі жылы қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептерде жеке пән ретінде енгізу жоспарланған «Бизнес және кәсіпкерлікті дамыту негіздері» осы оқу жылында 16 мектепте апробациядан өтіп жатыр.  -Басты мақсат – кәсіпкерлік ойлауды мектеп қабырғасынан дамыту. Мысалы, сүттің қалай өңделетінін, сатылубағасы мен тауар құнын есептеуді бала білуі қажет... Пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсатында тәжірибесі мол кәсіпкерлерді оқу барысына қатыстыру қажет, -деген істің басы-қасында жүргендер. Біздің тілшіміз Алматыдағы сондай апробациядан өтіп жатқан мектепте болды – кім сабақ береді, қандай оқулықтар? Оқушылардың өздері не дейді? Үлгі қылатын кім бар?Жұрттың бәрі миллиардер болмайды, жақсы табыс тауып, қайырымды көрінетін азаматтар бар. Қазақтың миллиардері адал еңбегімен миллиардер болса дегеннен шыққан әңгіме. Олжас Нұржақыптың материалы. 

Әлішердің арманы ресторатор болу - мейрамхана ашу. Арманына «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» деген пән жақындата түсетініне сенеді, сондықтан осы сабақты асыға күтеді. -Әр түрлі ойындармен жобамызды зерттеп, есептер де шығарамыз. Осы арқылы бизнесті дұрыс меңгеру жолдарын іздейміз, дейді ол.

Алишер Анварбеков, Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектептің 10 сынып оқушысы:

Негізінен өзім мейрамхана ісіне баруды жоспарлаймын. Және сол жерде өзіңнің бизнесіңді ашқаннан кейін әр түрлі проблемаларға тап болғанда оларды осы сабақ арқылы қазіргі кезден «аттап өту» немесе дұрыс шешімге келуге үйренеміз.

Ал Данэляның сүйікті пәні – экономика. Әйтсе де мектепте мұндай пән жоқ. Дегенмен жаңадан қосылған  "бизнес негіздері" ол үшін оңтайлы вариант. 

Данэля Жолдасбекова, Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектептің 10 сынып оқушысы:

Біз көптеген бизнеспен байланысты ойындарды ойнаймыз. Мысалы, топтарға бөлініп белгілі бір бизнес жоспар жасаймыз. Соған сәйкес бір-бірімізбен сайысып, бір нәтижеге келеміз. Осының нәтижесінде біз бизнестің қандай екенін өзіміздің көзіміздің алдында елестете аламыз.

Жалпы «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты пәнді мектеп оқушыларына оқыту 2014-ші жылы қолға алынған. Содан бері бағдарламасы мен оқулығы әзірленіп, 2017-ші жылдың күзінде алғаш рет әр өңірдің бір мектебіне пилоттық жоба ретінде енгізілді. 250-ге жуық орта мектебі бар мегополисте осы 159-ші мектеп-гимназияның 10-шы сыныбы таңдап алынған. 

Эльмира Бидайбекова, Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп директоры:

Балалар қазіргі мектеп қабырғасында бизнестің не екендігін, осы ұғымды мектеп қабырғасында алып жатыр. Бұл балалар үшін өте пайдалы. Қазір экономика саласына баратын балалар өте көп. 11 сынып бітіргеннен кейін экономика, қаржы саласына және нарықтық экономика болғаннан кейін бала білу керек. Мектеп қабырғасынан бастап.

Мектеп директоры бүгінде сол 33 баладан құралған сыныптың жетістігі көп деп отыр. Бұрындары мектеп жасындағы балалар арасында экономикадан өтетін жарыстарда жүлделі орындар алып жүретін оқушылар жаңа пәннің енгізілуімен одан жоғары жетістіктерге жете бастапты. Соның бірі Айдар Тасыған. Оның қоржынында қазірдің өзінде қала ғана емес, республикалық олимпиада ойындарынан марапат бар.

Айдар Тасыған, Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектептің 10 сынып оқушысы

Осы сабақ менің экономикаға деген қызығушылығымды арттырды. Сол себепті мен экономика саласынан дайындалып олимпиадаға қатыстым. Негізі осындай сабақтың енгізілгендігі дұрыс деп санаймын. Себебі, кәсіпкерліктің негіздері өмірдің кез-келген саласында керек болады деп ойлаймын.

Сабақ беру экономика саласының ұстаздарына жүктеліпті. Жанат Даңғылқызы оқулық бағдарламасынан кейде ауытқып, өз тарапымнан ойындар қосқанды жөн көремін, дейді. Себебі теориялық жағы басым көрінеді.

Жанат Байбалақова, «Бизнес және кәсіпкерлік» пәнінің мұғалімі:

Негізінде сабақ жоспары құрылған. Бірақ оған мен өзімнің тарапымнан біраз өзгерістер енгізіп отырмын. Себебі сабақта тек теориялық тұрғыда бүйтіп айт, сүйтіп айт деп жазылған да ортасында ойын түрінде жүргізбесе балалар жалығып кетеді. Балалардың құлшынысы өте жақсы. Қазір нарықтық заманда ақшаны ақшаға қосып, оны қалай көбейту керек екенін, адамдарға қандай пайдасы тиеді соны білген керек.

Балалар қызығушылығын арттыру үшін кәсіпте жетістіктерге жеткен азаматтармен кездесу ұйымдастырып, кәсіпорындарға да алып барады. Олардың өмір жолымен танысып, сауалдарына жауап та іздейді дейді, ұстаз. Шындығында қазіргі жастар үшін кәсіпкерлер кеңесін тыңдау өте қызық. Өйткені олар да бала шақтан мақсат қойды, талпынды. Еліміздегі ірі компанияның қожайыны Бақытбек кәсіпті азын-аулақ ақшамен бастағанын еске алады.

Бақытбек Қатен, кәсіпкер:

Тапқан барлық ақымды өзімнің жобаларыма салдым. Ақшамның бәрі салғанымен көбісінен ұтылдым. Бірақ бір тәжірибе болды бұл. Ол ақшадан ұтылған кезде қатты ойланады екенсің. Бұл кәдімгідей жүрекке де тиеді. Іштей бұны терең сезініп, ендігәрі бұл қатені қайталамаймын деп. Тәжірибе дегеніміз сол екен. Үш жігіт болып бастадық. Қалтамызда ол кезде бір айлық жалақы болды. 0-ден болмаса да, шынын айтайын 2 мың доллардан бастадық. Бүкіл капиталымыз сол болды. Содан бері 11 жылдан кейін компаниямызда бүгінгі таңда жалпы алғанда 300-ге жуық жұмысшы бар.

Қазір ол басқарған компанияның жылдық табыс айналымы 10 миллион АҚШ долларынан асады. Ал осыдан 15 жыл бұрыналып-сатумен айналысқан азамат ұтылады, ұтады. Бірақ ешқашан мойымайды және кәсіби біліктілігін жетілдіре береді. Бақытбек мектеп оқушыларына кәсіпкерлік пәні енгізілетінін естіп қуанып қалды. Өте керек дүние, дейді. 

Бақытбек Қатен, кәсіпкер:

Мотивацияны сырттан іздеудің қажеті жоқ. Іштей мотивация болу керек. Мақсат қою керек. Кішкентай мақсат қою керек. Мектептегі жас жолдастарыма айтарым, мектепті бітіру керек. Мектепте анағұрлым мол білім алуға тырысу керек. Бағаны айтып тұрған жоқпын. Баға маңызды емес. Ешқашан дипломды, қай университетті бітіргеніңді сұраған емес. Мен білімді сатуға тырыстым. Ол саған байланысты нәрсе.

Олжас Нұржақып, тілші:

Мақсат - балалардың ізденіс-талпынысын  арттыруға сеп болу. Бұл пән алдағы оқу жылында барлық мектепке енгізіледі деген жоспар бар. Демек қала баласы ғана емес, ауыл баласы да бизнес жоспар құруға машықтанады. Олардың көбі ресторатор болуды армандай қоймас, ал төрт түлік өсіріп, ет өңдеудің есеп-қисабын шығаруды үйренсе, агросекторы дамыған елге айналармыз? Қазіргі ахуал белгілі ғой...

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».