Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Проблемалы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырудың екінші кезеңі басталды - Ұлттық Банк

AstanaTV
24.04.2018ж. 20:00
2263
Проблемалы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырудың екінші кезеңі басталды  - Ұлттық Банк

Қазақстандағы барлық проблемалы ипотекалық несиелер төл теңгемізге аударылады. Бұл туралы Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында Ұлттық Банкінің қаржы мәселелері бойынша Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департаментінің директоры Александр Терентьев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір валюталық несиелерді қайта қаржыландыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Бұған дейін жүргізілген бірінші бағдарлама еліміздегі 23 мың шаңырақтың өз үйін сақтап қалуына себепші болған. Бірақ, толық қамти алмады. Сондықтан биыл екінші бағдарлама іске қосылып отыр. Оның жүзеге асырылуына қор қазынасынан 130 миллиард теңге бөлінген. Қаражат 2004-2009-шы жылдары шетелдік валютамен ипотекалық несие рәсімдеген азаматтардың мәселесін жеңілдетпек.

Александр Терентьев, ҚР Ұлттық Банкінің департамент директоры:

Екінші бағдарлама проблемалы валюталық несиенің негізгі қарыз соммасын ғана қайта қаржыландырады. Шамамен 98,4 пайыз заемшының несиесі теңгеге ауыстырылмақ. Жылдық мөлшерлеме 3 пайыздан аспайды. Негізінен, қолдау  2004-2009-шы жылдары несие рәсімдеген азаматтарға көрсетіледі. Бағдарлама заемшылардың қарыздарын толық кешіруді қамтамасыз етпейді, тек несиеге қызмет көрсету шарттарын жеңілдетеді. Ал өзге комиссиялары бойынша берешекті банктер қарастырады.

Айта кетейік, қайта қаржыландыру бағдарламасы осы жылдың аяғына дейін ғана жұмыс істейді. Ұлттық Банк осы кезеңде 25 мың заемшының проблемасын шешуді жоспарлап отыр. Бірақ, бұл іс-әрекеттер азаматтардың өздеріне тікелей байланысты. Сондықтан ипотекалық несие шарты бар клиенттерге желтоқсан айының 15-не дейін келіп, арыз қалдыру қажет.