$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Астана әкімі халықпен есепті кездесуін жаңа үлгіде өткізді

AstanaTV
24.02.2016ж. 20:00
1570
Астана әкімі халықпен есепті кездесуін жаңа үлгіде өткізді

Астана әкімі  халықпен кездесуін жаңа үлгіде өткізді. Шаһар басшысы сұрақтарды әдеттегідей залдан тыңдаған жоқ. Бір сағатқа созылған есебінен соң, жеке қабылдау жүргізді. Бірақ оған тұрғындардың барлығы жете алмады.

Әділбек Жақсыбеков Астанаға бірқатар жаңашылдықтар енгізуге бекінген. Мәселен, көктемнен бастап қаладағы төрт үлкен көше бір жолақты болады. Ал қоғамдық көліктер Алматыдағыдай жол ақысын төлеудің электронды түріне көшеді.

Әділбек Жақсыбековтің есебі басталмас бұрын, түрлі департаменттер халықтың арыз-шағымын таңдап, жеке қабылдау жүргізіп жатты. Кейбір өтініштер мынадай урналарға тасталды. Әкімдер өзгергенмен, халықтың басындағы проблема сол қалпы. Сұрақтардың көшбасында баспана мәселесі.

Менің проблемам үй салып жатқанда, Аниса, Аниса 2-ден. Үй керек болып келдім.

Баспана жайына Жақсыбеков баяндамасының басында тоқталды. 2008 жылдан бері жыр болған екі тұрғын үй бірінші тоқсанның соңына дейін қолданысқа берілмек.

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Былтыр заңсыз құрылыс бойынша барлығы мыңнан астам факт анықталды. «Азбука жилья», «Әл-Баракат», «Төленді» сияқты алаяқ құрылыс компаниялары жайында көпшілік хабардар. Үлескерлік құрылыстың үлкен тәуекел екенін біле тұра, тұрғындар оларға өздері барады. Ескертуді елемей, арзанға қызығып, ақша салады. Алданғасын әкімдікке келеді.

Шаһар басшысы жұмыс уақытын өзгерту мәселесін түсіндіріп, халықты ерте тұруға шақырды. Жұмыс ерте басталса, жолдағы кептеліс 20 пайызға азаяды екен. Айта кетерлігі, бұл шешім қабылданып қойған, талқылауға жатпайтын сияқты.

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Барлық қалаларда адамдар ерте тұрады. Баланы мектепке 15 минутқа ерте апарам деп, айғай-шу көтереміз. Проблемаға айналдырамыз. Ерте тұру денсаулыққа пайдалы. Ал сауда орталықтарын кеш ашуға болады. Олар неге адамдар жұмысқа баратын қарбалас кезде, сағат 9-да ашылуы керек? Халық таңғы тоғыздан дүкенге бармайтын шығар. 

Қоғамдық көліктердің ақысына да өзгеріс енбек. Мамырдан бастап Астанада автобустар электронды жолақысына көшеді. Шаһар басшысы жекеменшік пен мемлекеттік бақшалар бағасы теңесетінін де айтты. Осылайша жеке бизнесті балабақша салуға тартуға болады,-деді. Жедел жәрдем қызметі атына заты сай болмақ. Сәуірден бастап қаланың кез келген нүктесіне 10 минутта жетеді деп сендірді әкім. Есептің  ерекшелігі - сұрақ қоюға залға бұрынғыдай микрофондар орнатылған жоқ. Есесіне әкім мен орынбасарларының жеке қабылдауына өтуге жағдай жасалды.

Барлығыңызды қабылдаймыз. Кімде сұрақ болса, қалыңыздар.

Әкім өзі бас болып, халықты жеке тыңдап жатты. Дегенмен бір әкім арызын арқалаған мыңға жетпеді. 

-Кіре алғанымыз жоқ. Біз түгіл, мына жылап жүргендер кіре алмай жүр, біз кіре алмайтынға ұқсаймыз.

-Өте алмаймын. Өткізбейді, міне. Сұраңдар,  неге өткізбейді. 

Тағы бір жаңалық - көктемнен бастап Кенесары, Абай, Әуезов және Желтоқсан көшелерінде бір жолақты қозғалыс болады. Бұл кептелісті азайту мақсатында жасалып жатыр.

Мен бұған келіспеймін. Алматыда бір жолақты етіп жасауға болады. Ол жақта айналмалы, дөңгеленген бағыттар бар. Ал бізде көшелер қиылысып жатыр.

Кептелістің оң шешемін табу үшін жасалып жатыр ғой. Сондықтан ол халыққа ыңғайлы болады деп ойлаймын.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бұл қадамның қандай болатыны уақыт еншісінде. Шаһар басшысы Елорданың ауасын тазарту мәселесіне тағы тоқталды. Жыл сайын қоршаған ортаға 100 тонна зиянды қалдықтар таралады екен. Оны азайту үшін алдағы екі жылда автономды қазандықтар мен жеке сектордың 22 мыңнан астам үйін көгілдір отынмен жылытуға көшіру жоспары бар. Айта кетерлігі, әкім мәселесін арқалап келген кез келген адамды күні бойы қабылдаймыз деген еді, алайда сағат төрттер шамасында Конгресс-холлдағы қабылдау аяқталып қалды. 

-Прием граждан бітіп қалды ма? - Иә, бітті. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ