Алматылықтар өткен жылыту маусымында монополистерге жылу үшін 289 млн теңгені артық төлеген. «Алматы жылу жүйелері» кәсіпорны осынша қаражатты тұтынушыларға қайтарды. Айырмашылық қайта есептеу барысында анықталған.
Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары айтты. Биылғы мамыр-шілде айларында жылуға төленген қаражат қайта есептеледі. Үйінде есептеуіш құралдары жоқ тұрғындар артық төлем жасайды. Қала халқының 69 пайызы ғана жылу есептеуіш құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ биыл монополистер электр жарығы, ауыз су және кәріз жүйесі үшін тарифті көтеруге өтініш білдірген. Жыл басында «Энергосбыт» компаниясы 6,7 пайызға, наурызда 3,8 пайызға бағаны көтеруді сұраған. Ал суық су үшін 21 пайыз, кәріз жүйесіне қызмет көрсететін мекеме бағаны бірден 45 пайызға көтеруді сұрап, хат жолдапты. Алайда шенеуніктер коммуналдық тарифтер көтерілмейді деп сендірді.
Бауыржан Қайырбек, Алматы қалалық ТМР департаменті басшысының орынбасары:
Биыл бізге наурыз айында «Алматыэнергосбыт», «Алматы су» компаниясы сумен, кәріз жүйлереніе қызмет және электрмен жабдықтау бойынша тарифті көтеруге өтінішпен жүгінген. Бірақ біздің департамент өтінішті талдап, биыл суық су, электр жүйесіне және кәрізге тарифтер көтеру болмайды деп болжап отырмыз. Негізгі себептері - мекеменің ішкі резервтерін, шығындарын есептей келе, өтінімдерді сол қараусыз қалдырдық.
Ал
өткен жылы шаһарда коммуналдық қызмет ақысы біршама қымбаттаған. Жылу мен ыстық су 10,4 пайызға
көтерілді. Монополияға қарсы департамент өкілдері оған жөндеу жұмыстары мен
кәсіпорындарда шығынның артуы негіз болды дейді. Табиғи газ бағасы да 17
пайызға көтерілген. Қазір тұрғындар көгілдір отынның текше метрі үшін 31 теңге
төлеп отыр. 2016 жылы ол 21 теңге еді.