Батыс Қазақстандағы Березовка ауылының балаларына "миы уланған" деген диагноз қойылды. Мәскеу дәрігерлері осындай қорытынды жасаған. Енді қажетті ем-дом қабылдамаса мүгедек болып қалуы мүмкін. Алматыда журналистерді жинаған қоғамдық ұйым өкілдері осылай деді. 2014 жылы қарашада Березовка ауылындағы мектептің 25 оқушысы есінен танып құлаған. Сол кезде оларға тиісті көмек көрсеткен жергілікті дәрігерлер "жүйке жүйесі зақымданған" деп диагноз қойған. Арада біраз уақыт өтсе де, денсаулығы түзелмеген екі бала Мәскеуге жөнелтілді. Көрші елдің мамандары олардың миы уланғанын, оны емдеуге 5 жылдай уақыт кететінін айтқан. Экологиялық құқық қорғау ұйымының консультанты, бұл жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық іс екі рет жабылған, дейді.
Сергей Соляник, экологиялық құқыққорғау ұйымының консультанты:
Балалардың денсаулығына зиян келді, алайда ол үшін өтемақы төленген жоқ. Мемлекеттік емханалар улану дерегі бойынша тиісті диагноз қойған жоқ. Осының кесірінен балаларға қажетті ем-шаралары жасалмады. Енді олар өмір-бақи мүгедек болып қалуы да мүмкін.
Оралдық дәрігерлер ресейлік әріптестерінің диагнозына қатысты түсінік беруден бас тартты. Балалардың ұдайы бақылауда екенін, жыл сайын тексеріліп тұратынын айтты. Ал денсаулық саласындағы шенеуніктер Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университеті мен педиатрия және хирургия орталығының мамандары тексеріп, тиісті диагноз қойды дейді.
Гүлнар Әбдірахманова, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
«Вегетососудистая дистония» деген диагноз қойды, біреуіне «анемия» қойып отыр. «Астеновегетативный синдром» қойып отыр. Причинно-следственныйын тексермеді. Қорытындысын қарады, сосын міне «вегетососудистая дистония» деп берді. Балалардың 2017-2018 жылдары экстренно түсіп жатқанын байқаған жоқпыз.
Тұрғындар
бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлап, өздерін қауіпсіз жерге
көшіруді талап етті. Кейін березовкалықтар түгелдей Ақсай қаласы мен Аралтал
ауылына қоныстанған болатын.
Еркін КАРИН