$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Нұрлы жер" бағдарламасының шарттары өзгереді

AstanaTV
25.04.2018ж. 20:00
3020
"Нұрлы жер" бағдарламасының шарттары өзгереді

"Нұрлы жер" бағдарламасының шарттары өзгереді. Ол жаңа "7-20-25" бағдарламасымен теңестіріледі. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы жанындағы комиссия отырысында айтылды. 

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

"Нұрлы жер" бағдарламасы жабылуы жоспарланып жатқан жоқ. Ол жерде бір ғана бағыт ол - ипотекалық тұрғын үй. Өздеріңіз білесіздер, шарттары бөлек болатын. Сол шарттардың барлығын бірыңғай жасау үшін тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Яғни ендігі кезекте осы бағдарлама аясында, елбасы айтқандай, "7-20-25" шарттарымен ипотекалық несиелер берілетін болады.

Несие 25 жылдан аз мерзімге де берілуі мүмкін. Астана, Алматы, Атырау мен Ақтау тұрғындарына 25 миллион теңгеге дейін, ал өзге қала халқына 15 миллион теңгеге дейін несие берілмек. Бас банк өкілі бағдарламаға барлық банктер қатыспайтынын айтты. Депутаттар жеңілдетілген несиеден үй кезегінде тұрған азаматтар қағылмаса деп отыр.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары:

Бізге берілген тапсырма - баспанасыз адамдарға жеңілдетілген несие беру. Қамыстан тұрғызылған үйі бар, пәтерді жалға алып отырған, үлескерлер болсын, яғни меншік құқығы жоқ адамдар бағдарламаның шарапатын көруі керек. Ал зейнетақы қаражатын бастапқы жарна ретінде құю - қарыз алушы үшін тәуекел. Жұмыссыз қалып не денсаулығы сыр беруі мүмкін. Бұл кепілдікзатты несие болғандықтан, банк үйді тартып алуға құқылы болады. Сондықтан зейнетақы жинағын тәуекелге қою дұрыс емес деп есептейміз. 

"Нұр Отан" партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев бағдарлама басталғанда дүрбелең тумас үшін оны жүйелі іске асыруды қандай да бір мекемеге жүктеуді ұсынды.

Қаныбек Жұмашев, "Нұр Отан" партиясының хатшысы: 

Әрбір мемлекеттік органның өз жауапкершілігі бар. Дегенмен бір оператор болғаны дұрыс. Мысалы, 2018 жылы 35 миллиард теңге бөлінсе, инфрақұрылым мен үй дайын болады. Сосын келесі жылға. Сол кезде дүрбелең болмайды. Және бұл іске әкімдіктер араласпайды екен. Мұны да шешу керек.