Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда саяжайда тұрып жатқан 15 отбасы эвакуациядан бас тартты

AstanaTV
27.04.2018ж. 20:00
2732
Қызылжарда саяжайда тұрып жатқан 15 отбасы эвакуациядан бас тартты

Қызылжарда саяжайда тұрып жатқан 15 отбасы эвакуациядан бас тартты. Төтенше жағдай мамандары осылай деп отыр. Есіл өзені арнасынан асып, тасыған су саяжайлар мен тас жолдарды басты. Өңірде былтырғы тасқын қайталана ма? Тілшіміз Абзал Құрманкин анықтауға тырысты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қызылжарда 5 мыңға жуық саяжай бар. Құзырлы орган өкілдері оның 80-ніне су кіргенін мәлім етті. Департамент мамандары бір аптадан бері бұқараны тасқын жөнінде ескертумен әлек болғандарын айтады. Алайда, 15 отбасы құтқарушылардың сөзін елемей отырса керек.

Солардың бірі - Сергей Курочкин. Бұл отбасы саяжайда 15 жылдан бері түтін түтетіп келеді. Жылда қызыл сумен күресетін Курочкиндердің тасқынға еті үйренген көрінеді.

Сергей Курочкин, саяжай тұрғыны:

Үйге баратын жолды су басты. Резеңке етікпен, не қайықпен жүреміз. Тасқын әлі ауламызға жеткен жоқ. Үйді су басса, шатырымда тұрамын. Ішін әзірлеп қойдым. Құтқарушылар мектепке шақырды. Тіпті болмай бара жатса, сонда көшемін.

Қызыл судың кесірінен Петропавл маңайындағы Челябі-Новосібір халықаралық тас жолы су астында тұр. Кей жерде судың тереңдігі жарты метрге дейін жетеді. Бұл аралықтан тек жүк көліктер ғана қатынап жүр. Құтқарушылардың айтуынша, тасқын қаупінің бір-екі күнде сейілетін түрі жоқ.

Асқат Ержанов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

Есіл бір тәулікте 13 сантиметрге көтеріліп, шарықтау шегіне жетті. Бірнеше күн судың деңгейі осы қалпында тұрып, кейін бірте-бірте төмендей бастайды. Себебі Сергеев су қоймасында судың көлемі азайып жатыр. Өткен аптада су дамбадан 161 сантиметрге асты, қазір оның деңгейі 80 сантиметр.

Ал шенеуніктер тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіреді. Былтыр табиғаттың тосын мінезінен абдырап қалған билік өкілдері бірден тасқынның алдын алу шараларына кірісіп кеткен сияқты. Өңірде жол картасы құрылып, 24 жоба жоспарланған. Соның аясында былтыр су кірген Былғары зауыт кентін оқшаулайтын ірі дамба тұрғызылған. 

Нұрлан Бүркіталин, СҚО мобильді дайындық және азаматтық қорғау басқармасының басшысы:

Дамбаны істедік. Ұзындығы 3,1 шақырым. Биіктігі 4 метр. Биыл тасқын кожзавод тұрғындарына ешқандай қауіп әкелмейді. Былтырдағыдай су көтеріліп кетсе де, тұрғындарға қорқатын жағдай болмайды.

Бірнеше күнге созылатын тасқынның кесірінен әлі қанша саяжайды су басатыны әзірге белгісіз. Ал қолда бар дүниесінен айырылғысы келмеген саяжай тұрғындары тасқын бетінің қайтуын тосып, жандарын шүберекке түйіп отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Айта кету керек, былтыр Қызылжар өңірі қызыл судың екінші толқынынан біраз жапа шекті. Құтқарушылар биыл ондай апат қайталанбайды деп сендіреді.

А.ҚҰРМАНКИН