Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

28 сәуірде "Астана" телеарнасынан Нұрлан Ерімбетовті еске алуға арналған деректі фильм көрсетіледі

AstanaTV
27.04.2018ж. 20:00
3348
28 сәуірде "Астана" телеарнасынан Нұрлан Ерімбетовті еске алуға арналған деректі фильм көрсетіледі

Қайраткерлік, әділдік пен қайырымдылық қасиеттер бір бойына тоғысқан. Нұрлан Ерімбетов осындай азамат ретінде барша қазақстандықтардың есінде қалды. «Қазақстанның Азаматтық альянсын»  басқарған ол саясаткер, публицист болатын. Әттең, ғұмыры қысқа болды, 58 жасында бақиға аттанды. 28 сәуірде "Астана" телеарнасынан Нұрлан Ерімбетовтің рухына арналған деректі фильм көрсетіледі. Онда марқұмның әріптестері мен достары қайраткер азамат жайлы сыр шертеді

«Мен туралы 30-дағылардың пікірі әлдеқайда маңызды. Біздің әңгімеміз жастарға арналуы керек». Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұрлан Ерімбетов журналистерге осылай деп сұхбат беріпті. Кейінгі буынға айрықша назар аударуы оның жаңашылдыққа ұмтылысының айғағындай еді. Мәскеудегі мәдениет институтын тәмамдаған алғыр азамат жалындаған жас шағында Қызылорда облысында жауапты қызметтер атқарды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Көп оқитын, көп ізденетін азамат болатын. Соның арқасында оның сол кездегі қиыншылықтан тезірек шығу үшін, халықтың көңілін көтеру үшін айтатын жаңашыл бір өзінің ой-пікірлері болды. Біз соны бірігіп жүзеге асырдық.

90-шы жылдардағы күрделі кезеңде бірге еңбек еткен әріптестері оның небір қиын мәселені майдан қыл суырғандай етіп, дау-дамайсыз шеберлікпен шешетін қасиетіне тәнті болатын. Нұрлан Ерімбетовтің телеэкрандағы қызу пікір-таластарға қызығушылығы осындай ерекше қабілетінен туындаған болар. "Астана" арнасындағы «Ашық студия» бағдарламасын, сондай-ақ «Айтпарк» қоғамдық ток-шоуын шебер жүргізді. Қоғамға аса қажет, маңызды сұрақтарды қоюға және соған жауап алуға ұмтылды. Халықтың көзі мен құлағы әбден үйренген, ел мезі болған жәйттерді қайталаудан қашты. Ашық әңгімені жаны сүйетін. Сонысымен де қалың көрерменнің жүрегіне жол тапты. Бала күннен бірге өскен бауыры оның арманшыл болғанын еске алады.

Құндызай Ерімбетова, Н. Ерімбетовтің қарындасы:

Нұрлан аспанға қарап саусағымен үнемі сурет салып жататын, ол суретші болған жоқ. Бірақ пәлсапалық танымы мықты интеллектуал бола білді. Ол интеллектуалды тек отбасына немесе Қызылорда облысының әлеуетіне ғана емес, бүкіл Қазақстанның мемлекеттік әлеуетіне пайдалана білді

Нұрлан Кенжебекұлы 21 наурызға қараған түні жарық дүниемен қош айтысты. Ұзаққа созылған ауыр сырқат ақыры атпал азаматты алып тынды. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұған артына сөз қалдырған». Марқұмды еске алғанда Ұлы данышпан Абайдың осы өлең жолдары ойға оралады.

Әбдіжәлел Бәкір, қоғам қайраткері:

Адамзат қауымдастығына жасаған сапары аяқталды деуге ғана болады. Нұрланды білетін біз сияқты ағалары бар, қатарластары бар, Нұрланның артында ұрпақ бар, бұндай адамды біз ешқашанда өлді деп айта алмаймыз.

Ол «біздің басты мақсатымыз - қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерді жасырып-жаппай, ашық айту» дейтін. Өмірінің соңына дейін сол ұстанымынан танған жоқ. Қайраткер, қайталанбас тұлға Нұрлан Ерімбетовтің рухын еске алуға арналған деректі фильм 28 сәуір күні 20:45-те «Астана»  телеарнасынан көрсетіледі.