Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Рамазан айы қарсаңында Астананың Сарыарқа
ауданында орналасқан жаңа мешітке барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Есілдің
оң жағалауында бой көтерген мешіт құрылысы 2016 жылы басталған. Сәні мен
салтанаты келіскен Алла үйі қайырымдылық мақсатта жиналған қаражат есебінен
тұрғызылды. Алып ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету үшін
баламалы энергия көздері пайдаланылады.
Мешіттің
сыртқы дизайны ерекше. Бір қараған адамға алмастың қырларын еске салады. Басты
ғимаратының сол жағында орналасқан мұнараның биіктігі - 43 метрден астам. Ол
«қасиетті қауырсын» бейнесінде салынған. Мұндағы баламалы энергия көздері
қажетті мөлшерден үш есе көп қуат өндіреді. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.
Нысанның жалпы аумағы 2 248 шаршы метр.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2018 жылға арналған ораза кестесін
жариялады. Сондай-ақ пітір садақа мөлшері белгіленді. Биыл қасиетті Рамазан айы
16 мамырда басталып, 14 маусым күні аяқталады. 15 маусымда барша мұсылмандар
үшін қасиетті Ораза айт мерекесін тойлаймыз.Ол үш күнге жалғасады. Ал пітір
садақаның мөлшері биыл 300 теңге болып бекітілді.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА