Банк» дегенде көп ретте ассоциация беретін Швейцария банктері. Дегенмен бұл мемлекеттің әр түрлі «исі» бар ақша сақтаушы ғана емес, қоршаған ортаны қорғаушы, тура мағынасында таза мемлекет екенін де ұмытпау керек. Мысалы, оларда қазір қоқыс жинайтын полигон атымен жоқ. Өткен ғасырдың ортасынан бері. Қалай дейсіз бе? Олар да қоқысты өртейді. Бірақ қоршаған ортаға, адамдарға зияны жоқ. Күрделі процестердің арқасында барлық қышқыл фильтрден өтеді. Ал қоқыс өртейтін зауыттарда өндірілген энергиямен үйлерді жылытады, күлінен ондаған тонна металл, оның ішінде тіпті алтын өндіреді. Ал бізде... Бір мысал. Солтүстік өңірлерде күн жылынып жатыр - Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тағы да өртене бастайды, ал одан шыққан улы түтін жұрттың денсаулығын улап жатыр. Жел соқпаса тіпті қиын...Полигон қожайынына айыппұл салынады. Бірақ пайда жоқ. Кәсіпорында қоқысты қоймалап жинайтын бір-ақ трактор бар. Кәсіпорын аукционға да қойылған, бірақ сатып алуға ниет білдірген компания тағы жоқ. Қоқыс бизнесінде нені өзгерту керек? Тариф? Келесі жылдан бастап тұрмыстық қатты қалдық қабылдайтын полигондарға полиэтилен, пластмасса, макулатура, оргтехника қабылдауға тыйым салатын заң іске қосылады. Сонда не болады, заң талабы орындала ма? Айтпақшы Швейцарияда адамдар шыны, металл қалдықтарды кешкі 8-ге дейін ғана тастай алады. Неге? Абзал Құрманкин сабақтайды.
5 мыңға жуық түтіні бар Жұмысшы кенті қоқыс полигоны құрылғаннан бастап қолаңса иістен көз ашпай келеді. Қалдық үйінділері қаладан бірнеше шақырым жерде. Алайда бергі жаққа жел соқса болды, көше бойын көк түтін торлайды. Ал бұқара есік-терезесін жауып, үйде қамалып отыруға мәжбүр.
Ангелина Кручинина, Жұмысшы кентінің тұрғыны:
Полигоннан жел соққан кезде ауылды қалың тұман басады. Үйлер көрінбей кетеді. Демалу мүмкін емес. Бүкіл тесіктерді бітеп, үйдің тар ауасымен демалып отырамыз.
Қолқаны қабатын иіс әсіресе сәбилер денсаулығына зиян. Кей балалар осының кесірінен тіпті демікпе дертіне шалдыққан. Наталья Сошкина алты баласын әрдайым дәрігерлерге көрсетіп отырады. Бірақ зиянды ортада ем-домның қонуы екіталай.
Наталья Сошкина, Жұмысшы кентінің тұрғыны:
Демікпемен ауыратын балам қатты қиналады. Басқалары да ауыра береді. Осында 10 жыл тұрып келеміз. Бірақ мәселе шешілер емес.
Жұмысшы кенті тұрғындарының тоздырмаған табалдырығы жоқ. Жан-жақтан келіп түсетін шағымдарды полигонға жауапты кәсіпорын арқалайды. Алайда компания жауыр болған мәселені өзі шешуге қауқарсыз көрінеді. Көк түтін бықсып жатқан қоқыстан шығады. Қалдық ондаған жылдар болды, табиғи жолмен өзінен-өзі өртенеді, дейді «Коммунхоз» серіктестігінің басшысы. Ал оттың қайнар көзіне жолауға барлығы жүрексінетін сыңайлы. Себебі трактор «көл» боп жатқан күлдің ішіне батып кетуі мүмкін. Ал кәсіпорын онсыз да техникаға жарымай отыр.
Александр Чернов, «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жетекшісі:
Түтіннің қайнар көзін «вулкан» деуге болады.Ішін қопарса, жарылуы мүмкін. Техника жақындаса, ішіне опырылып түсіп, өртеніп кетуі ғажап емес. Оған жақындауға тыйым салынған. Топырақпен бітеп тастауға болар еді. Бірақ өзіміздің карьеріміз жоқ, өкінішке қарай.
Талап бойынша кәсіпорын қоқысты топырақпен қабат-қабат араластырып, нығыздауы тиіс. Алайда серіктестікте инертті материалдар атымен жоқ. Мемлекеттік кәсіпорын жақын маңайдағы карьерге көз тіккен. Бірақ оның көзін ашуға 1,5 миллиард теңге қажет. Ал жергілікті әкімдік аталған компанияға инвестиция құйғысы жоқ. Себебі кәсіпорынның болашағы бұлыңғыр. Билік өкілдері қоқыс полигонына жауапты «Коммунхоз» серіктестігін мүлде жауып тастауды көздеп отыр.
Асхат Рамазанов, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
«Коммунхоз» серіктестігі 2020 жылға дейінгі жекешелендіру бағдарламасына ілікті. 3 мәрте электронды сатылым жүргізілді. Бірақ сатып алушылар табылмады. Сондықтан кәсіпорынды жою жөнінде шешім қабылданды.
Билік полигонды жекенің қолына беруге бел байлаған. Алайда әзірге ешкім ынта білдірер емес. Мемлекеттік кәсіпорын 1 айдан кейін жойылмақ. Полигонға одан кейін кім жауап беретіні белгісіз. Жаңа иесі табылмайынша, қаланың барлық қоқысы жиылатын орын қаңырап бос тұрмақ. Бұл аз болғандай, полигонға қатысты тағы бір проблеманың ұшы шығып тұр. Жаңа заңға сәйкес, келесі жылдан бастап қоқысты жиятын мекеме қалдықтың бірнеше түрін қабылдамауы тиіс.
Азамат Бектасов, СҚО Экология департаменті басшысының орынбасары:
2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, қатты қоқыс полигондарына полиэтилен, пластмасса, қағаз, шыны кіргізуге тыйым салынады. Осыны реттейтін заң күшіне енбек. Тіпті азық-түлік қалдықтарын да қабылдауға рұқсат етілмейді. Аталған қоқыстың барлығы өңделуі тиіс.
Полигонның ішінде былтыр қоқысты сұрыптайтын кәсіпорын ашылған болатын. Тұрмыстық қалдықты жіктеп отыратын компания жұмысшылары пластмасса, шыны, қағаз сынды материалдарды бөлек-бөлек жинаған. Алайда қоқыс алаңы дайын тұрған шикізат көзі болғанымен, оның тек 7 пайызы ғана кәдеге жаратылды. Араласқан қалдықты тазарту тиімсіз болған соң, «Вторсырье» серіктестігі полигонды тастап кеткен.
Ал Қарағанды облысында қоқысты сұрыптау ісінде бетбұрыс бар. 4 жыл бұрын құрылған «ТТК» серіктестігі қалада мыңнан астам түрлі түсті жәшіктер орнатқан. Жіктеліп салынған қалдықтарды артынша өңдеу де оңай, дейді кәсіпорын жетекшісі. Өндіріс ошағы полиэтиленнен кәріз қақпақтарын жасайды. Ал пластик пен шыныны ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіп отырады. Бірақ жол шығыны қалтаны қағады, дейді Еркін Мұқаев.
Еркін Мұқаев, қоқысты өңдеу кәсіпорнының директоры:
Шыны зауыттары Алматы мен Шымкентте ғана бар. Олар түсіне қарай сұрыпталған шикізатты талап етеді. Зауыттар алыс болған соң жол шығыны табысымыздың біраз бөлігін жеп қояды. Бірақ олар қағылған табысымызды қайтаратындары туралы мәлімдеді. Сондықтан енді шынының барлығы өңделуге жіберіліп отырады.
Ал өзге қалалардағы полигондардың тағдыры не болмақ? Келесі жылы күшіне енетін заң орындала ма? деген сұрақтың жауабы жоқ. Дәлірегі бар, мәселені кешенді шешу жолы жоқ. Қоқыс полигондары бойынша қатаң талап қойғанмен, оны іске асыратын механизмдері қарастырылмаса, не пайда?
Абзал Құрманкин, тілші:
Швейцарияда қоқыс полигондары жарты ғасыр бұрын жабылған. Қатаң тәртіп орнаған елде қоқысты жәшіктерге сұрыптап салу керек. Ал металл мен шыны заттар тарсылдап, өзгелердің мазасын алмау үшін оларды тек кешке дейін ғана лақтыру міндет. Бұл мемлекет қалдықтың 43 пайызын өңдеп, қалғанын жылу электр станциясында отын ретінде пайдаланады. Ал артынша қалдықтың күлінен металл, тіпті алтын өндіреді. Бізде қоқыстан алтын өндіруді сұрап отырған ешкім жоқ, тек зиянды иіске тұншыққан адамдарды құтқарып, жеріміздің біртіндеп қалдыққа толып бара жатқанын мойындап, бірнәрсе істемесек, "қоқыстан шыққан күлімсі иісті түтінге бықсып қалғанымыз" қалған...
А.Құрманкин «Біздің
уақыт».