$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент Алматыдағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

AstanaTV
10.05.2018ж. 20:00
1955
Президент Алматыдағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

"9 мамыр - ол ең алдымен ардагерлер мерекесі. Сондықтан оларға барлық құрмет жасалу керек". Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен Жеңіс күнін ұлықтау шарасында осылай деді. Елбасы 28 Панфиловшылар паркіндегі Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, жиналғандармен бірге олардың ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Сұрапыл соғыс отынан аман шығып, тіпті тәуелсіздік таңын көруге жазған ардагерлерді мерекемен құттықтады. Бүгінгі буынның бейбіт өмірі сол майдангерлердің арқасы екенін еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің аталарымыз анау революцияның кезіне келді. Әкелеріміз Ұлы Отан соғысының кезіне келіп репрессияға түсті. Біз ғана бейбіт өмірді сүріп келе жатырмыз. Оның бәрі  ардагерлердің арқасы. Ең алдымен бұл мереке - ардагерлердің мерекесі. Сұрапыл соғыстың ішінен аман-есен шығып, жауды жеңіп, бізге бейбітшілік пен тыныштық  сыйлады. Сондықтан да біз ардагерлерді қадір тұтып, Қазақстанның әр жерінде, әр түкпірінде қошемет жасап, бастарымызды иеміз.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 73 жыл толды. Оған қазақ даласынан 1 миллион 800 мыңнан аса жауынгер аттанып, оның жартысы қайта оралмаған. Қазір 2 мыңнан аса ардагер ортамызда жүр. Соның бірі - Жанша Жанасов. Жуков армиясындағы 3 соққы құрамында Белоруссиядан Германияға дейін шайқасқан ақсақал Жеңіс жарияланған күнді әлі де ұмыта қоймапты.

Жанша Жанасов, ҰОС ардагері:

Сол біткен күннің таңертеңгі таңы қалай атады екен, қалай шығады екен деп бәріміз сол Шенхаузеннің ортасындағы алаңға жиналып, ақсақ-тоқсақ, раненыйлар бәріміз 9 майды қабылдап, қуанғанбыз.