Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оралдық жігіт енесін атып өлтіріп, қайын атасын ауыр жаралады

AstanaTV
11.05.2018ж. 20:00
2734
Оралдық жігіт енесін атып өлтіріп, қайын атасын ауыр жаралады

Оралда шолақ мылтықпен қаруланған жас жігіт енесін атып өлтіріп, қайын атасын ауыр жарақаттады. Қайғыдан қан жұтқан отбасы енді кінәліге ауыр жаза берілуін талап етіп отыр. Қаланы дүрліктірген оқыс оқиғаның жай-жапсарын Еркін Карин анықтауға тырысты.

Еркін Карин, тілші:

Қанды оқиғаға ерлі-зайыптылардың қызы Надия куә болған. Ол әке-шешесіне оқ атқан күдікті бұрынғы күйеуі екенін жеткізді.

Айтуынша, оқиға кеше кешкісін болған. Күдікті алдымен өзіне есік ашқан енесін шолақ мылтықпен атып құлатып, іле-шала қайын атасына да оқ атқанын айтты. Әкесі жараланса да, есікті ішінен жауып үлгірген көрінеді. 

Надия, марқұмның қызы:

Күйеуім әкеме «сенің әйеліңді өлтірдім» деп айқайлап, балағаттады. Кейін оны да атып тастады. Ішек-қарны ақтарылып жерге түскен әкем бізге "тығылыңдар!" деп айғайлады. Ұлым екеуміз әжетханаға жасырындық. Егер ол ішке кірсе, бізді аман қалдырмайды. Өйткені күйеуімнің мылтығы барын бұрыннан білемін. Енді әкеміздің аман қалғанын тілеп отырмыз.

Надияның анасы сол жерде жан тапсырыпты. Ал әкесіне дәрігерлер ота жасаған. Бірақ дәрігерлер жағдайы әлі ауыр деп отыр.

Айнагүл Сакпусунова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

1951 жылғы ер адам көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген. Оған оқ атылып, ішінен жарақат алған және ішегінің көптеген жарақаттары бар. Түнде алты сағат бойы оған ота жасалған. Қазіргі таңда өздігінен дем алады. Бірақ жағдайы ауыр. Дәрігерлердің бақылауында.

Надияның сөзіне сенсек, күдіктінің өзімен бірге әкелген сөмкесінен үлкен пышақ пен баланың киімдері табылыпты. Соған қарағанда ол үйдегілерді жайратып, баланы әкетпек болған деп топшылайды. Өйткені бұған дейін де бала үшін жанжалдасыпты. Осыдан 8 жыл бұрын екеуі бас қосыпты, алайда араға жыл салып Надия әке-шешесіне қайтып келген. Бірақ заңды ажырасу процесі енді жүріп жатыр деді ол. Ішкі істер департаменті қанды оқиға жөнінде қандай да бір ақпарат бермеді. Тек облыс прокуроратурасынан хабарлағандай, осы оқиғаға қатысты ҚК 99-бабы, «адам өлтіру» дерегі бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша 8 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Еркін Карин, тілші:

Ал қайғыдан қан жұтқандар кінәлінің ауыр жазалануын талап етіп отыр. Туыстарының сөзінше, күдікті жалғыз болмаған. Төменде оны тағы төрт жігіт күтіп тұрған көрінеді. Сондықтан оларды да қамауды сұрап отыр.

Еркін КАРИН