Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда өткен марафонға 3 мыңға жуық адам қатысты

AstanaTV
14.05.2018ж. 20:00
2358
Атырауда өткен марафонға 3 мыңға жуық адам қатысты

Атырауда ерекше марафон өтті. Осымен екінші жыл қатарынан спортқа жаны құмар тұрғындар бас қосты. Биыл марафоншылар былтырғыдан екі есе артық қашықтықты бағындырды. Жарысқа үш мыңға тарта адам қатысты. Олардың қатарында, жергілікті халықтан өзге, қала қонақтары да бар.

Жексенбі. Таңғы сағат 7. Әдетте бұл уақытта халық әлі ұйқыдан ояна қоймайды. Ал атыраулық салауатты өмір салтын ұстанған жандар 42 шақырымдық марафонды бағындыру үшін дайын тұр.  Биыл екінші рет ұйымдастырылған марафон 3 қашықтық бойынша өтті. 42 шақырымнан өзге , 10 және 4,5 шақырымды барлығы 3 мыңнан астам адам жүгіріп өтті.

Нұрберген Кенжәлиев осыдан екі жыл бұрын дәрігерлердің кеңесімен семіздіктен арылу үшін жүгіруді бастаған. Содан бері  20 келі салмақтан арылды. Ауысымдық әдіспен жұмыс істейтін құрылыс саласының маманы: «Жұмыста да ерте тұрып жүгіремін», - дейді.

Нұрберген Кенжәлиев, Атырау қаласының тұрғыны:

10 шақырымды 47 минутта жүгіріп келдім. Марафон басталады дегенде онлайн тіркеліп, жүгіріп шықтым. Бұрын 10 шақырымды 50-51 минутта жүгіріп шығатын едім, 4 минутқа жаңарттым өзімнің рекордымды.

Марафонға жасы 16-дан асқандардың қатысуына рұхсат. Бұл шараға 71 жастағы зейнеткер де белсене атсалысып жүр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүгіруге ниет еткендердің көпшілігі - қарапайым тұрғындар.

Азамат Бекет, Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:

Былтыр екі мың адам қатысқан болса, биыл 3 мыңнан астам адам. Бұл Атырау облысында спортпен айналысатын адамдар саны өсуіне байланысты және бұл марафон сол санның өсуіне өте үлкен септігін тигізеді деген сенімдіміз. Бұл марафонға қала тұрғындары қатысуда, спортшылар көп емес. Жай келем, жүгіремін дегендер.

Атырау марафонының абсолютті чемпионы болып 24 жастағы Базарбай Дәутәлиев көзге түсті. Оған қомақты қаржылай сыйлық пен сәйгүлік тарту етілді. "Бұл - ерік-жігер мен жүйріктіктің символы", - десті жиналғандар.

Базаргүл Нәдірқызы