Жас өнертапқыштар «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында жаңа жобаларының тұсауын кесті. Оларды партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қабылдады. Назарбаев университетінің студенті Мират Жекеев жаяу жүргіншілер жолында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйені таныстырды. Жас ғалым адам жолға жақындаған кезде көлік жүретін жақтағы шамға белгі беретін құрылғы ойлап тапқан. Студенттің жұмысы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде жоғары бағаланды. Енді өз жобасын қызығушылық танытқан органдарға ұсынбақ. Бұған «Нұр Отан» партиясы көмектеседі.
Мират Жекеев, Назарбаев университетінің студенті:
Бұл өте үнемді әрі көліктерге кедергі жасамайды. Кәдімгі бағдаршам қызыл не жасыл түске ауысып тұрады, машина жаяу жүргінші жоқ болса да тоқтайды. Ал біздің жүйеміз көліктерге жаяу жүргінші өтетін кезде ғана тоқтауға белгі береді.
Мәулен Әшімбаев республикалық қоғамдық қабылдауға келген талапты жандарға қолдау көрсетілетінін айтты. Жиында Қазақстандағы инклюзивті білім жүйесін жетілдіру және Дельфий, Парадельфий қозғалыстарын жаңғырту туралы ұсыныстар айтылды. Астаналық тағы бір ғалым етік кептіретін қондырғы таратуға ақпараттық қолдау сұрай келіпті. Жоба иесіның өтініші қабылданды.
Қайрат Нұрлыбеков, өнертапқыш:
Аяқ асты құрғақ болған соң тайғанамайды. Сосын аяқта жылы болады. Бахила кимеу үшін. Бахила киюдің өзі бір 30 секунд уақыт алады үлкен кісіде. Бұл аппарат бағасы да қымбат емес. Өз бағасын 4-5 айда ақтап қояды.
Қоғамдық
қабылдауға өтініш білдіргендердің бірі 14 жасар вундеркинд бала электрсіз жұмыс
істейтін портативті қуат көзін ойлап тапқан. Мәулен Әшімбаев балғын
өнертапқышты партияның инновациялық жобалар байқауына қатысуға шақырды. Партия
төрағасының бірінші орынбасары білімін шыңдағысы келетін белсенді жастарды
әрдайым қолдайтынын ерекше атап өтті.