Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанада халықаралық Kadex-2018 көрмесі басталды

AstanaTV
23.05.2018ж. 20:00
4126
Астанада халықаралық Kadex-2018 көрмесі басталды

Астанада екі жылда бір өтетін Kadex-2018 көрмесі басталды. Онда әлем бойынша қару-жарақ пен әскери техникалық мүліктердің 300-ге жуық түрін шығаратын компаниялардың өнімдері көрсетілген. Мақсат - кәсіпорындар арасында ынтымақтастыққа жол ашып, тиімді келісімдерді бекіту. Бесінші халықаралық көрме Қазақстандағы ғарыш саласының 25 жылдығына арналып отыр. Әскери техникалар көрмесіне әріптесім Дәуренбек Бақдәулетұлы да барып қайтты. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Халықаралық әуежайдың әскери секторына бүгін 28 мемлекеттің әскери және ғарыш техникалары келіп тоғысты. Бүгін мұнда, аттап бассаң, танк, әскери арлан көлігі немесе анау сынды әскери ұшақтарға тап боласың. Барлығы дерлік қазіргі әскери техникалардың үздігі болып табылады.

Пилотсыз ұшақ, жүргізушісі жоқ танк, сарбаздың қатысуынсыз оқ жаудыратын зеңбірек. Мұның барлығы - болашақтың емес, бүгінгінің қаруы. «Қара құрт» деп аталатын мына шағын техниканың жасанды интеллектісі дамығаны соншалық, әскери киімдегі немесе қолына автомат ұстаған жауды көрсе, қақ маңдайдан атып түсіретін қауқары бар. Бір қызығы, әскери форма қазақстандық болса, онда оқ атпайды.

Дәурен Бейсенов, "ROBOTRON ASPANDAU" компаниясының инженері:

Мұнда жасанды интеллект орнатылған. Яғни ол жаудың көзін өзі анықтап, өзі шешім қабылдайды. Мұнда 12/7 мм пулемет орналасқан және РПГ 26 гранатометі бар. Бұл әлі сынақтан өтуде. Бұйырса, әскери сынаққа дайындалып жатыр.

Қазақстан қарулы күштерінің брендіне айналған «Арлан» әскери автокөлігі жаңа маркалы техникаларымен көрменің көркін кіргізді. Арланға ұқсас «Алан», «Барыс 8х8» және «Барыс 6х6» көліктері құрастырылып жатыр. Олар құрылымы жағынан осыған дейін өзін жақсы жағынан көрсетіп, шетел нарығына шыға бастаған «Арланға» ұқсағанымен, өзгешеліктері де жетіп артылады.

Азат Мырзағалиев, «Қазақстан парамаунт инжиниринг» компаниясының  жобалық инженері:

Ерекше ететін сипаттамасы - ол олардың баллистикалық және минаға қарсы қорғанысы болады. Бұл машинаның капсуласы 7/6 және 12/7 мм  калибрлі оқтың атуына қорғанысы бар деген сөз. Машиналар өзінің астында 10 килограммдық тротил эквивалентіндегі жарылысқа да шыдайды деген сөз. 

Шараға 40-тан аса мемлекеттің ресми өкілдері қатысты. Биыл 10 павильон жұмыс істеп тұр. Ғарыш саласының жетістіктерін көрсету мақсатында жеке павильон ашылды. Сонымен қатар көрмеде тың техника мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әзірлемелер ұсынылады деп жоспарланған. Шараны арнайы келіп тамашалаған президент Нұрсұлтан Назарбаев қорғанысы қуатты елдің, бейбітшілігі тұрақты боларын айтты. Кадекс көрмесінде тиімді келісімдер жасаларына сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті: 

Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешенінің және ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатын болады. Бұл ретте электронды жүйедегі байланыс, қару-жарақты басқару жүйесін дамыту ісіне аса мән берілген. Ақпараттық қауіпсіздікті жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесіне де назар аударылды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Көрмеде әскери-техникалық ынтымақтастықты және ғарыш саласындағы серіктестікті дамыту мақсатында 50-ге жуық меморандум мен келісімдерге қол қойылады деп күтіліп отыр. Әсіресе бұл көрме отандық әскери саладағы тың идеялардың туындауына игі ықпал ететіні анық. Көрме бас қалада алдағы 3 тәулік бойы жағасын табады.