Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылорда облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ электр станциясы ашылады

AstanaTV
17.05.2018ж. 20:00
3075
Қызылорда облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ электр станциясы ашылады

Қазақстан баламалы энергия көздерін өндіру ісіне мықтап ден қойып келеді. Қызылорда облысында бірегей күн электр станциясы салынады. Оған Еуропа қайта құру және даму банкі қаражат бөлмек. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері толықтай баламалы энергияға көшеді. Бұл туралы Астана экономикалық форумы аясында мәлім болды.

Астана мен Алматыдағы білім ошақтары жабдықтала бастайды. Жоба тиімділігін байқатса, өзге облыстардағы мектептер жасақталады. Бүгін Энергетика министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымы және демеуші компания арасында меморандумға қол қойылды. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын «жасыл энергия» деген түсінік қиял-ғажайып ертегіге ұқсайтын дейді ғалымдар. Ал бүгін бұл қалыпты құбылысқа айналған, күнделікті тұрмысқа да еніп келеді. Мәселен, «Назарбаев» зияткерлік мектептері баламалы энергиямен жабдықталған. Оқу орындары қажет ететін энергияның 30 пайызға жуығы күн сәулесінен алынатын болады.

Оливье Лазар, «SHELL» компаниясының Қазақстандағы өкілі:

Пилоттық жобаны қолға алудағы мақсат - шағын энергиялық жобаның жұмысын байқау. Сондай-ақ оқушыларға серпін беріп, жаңартылған энергия туралы ақпаратты қол жетімді ету. Жоба құнының қаншаға түсері алдағы бір жарым айда мәлім болады.

Мұнан өзге Қызылорда облысында бой көтеретін күн электр станциясына Еуропа қайта құру және даму банкі 32 миллион доллар қаражат бөлсе, Азия даму банкі 11 млн доллар қаражат бөлген. Бұл Еуропалық банктің Қазақстандағы баламалы энергия бойынша қаржыландырып отырған 4-ші жобасы. Ол іске асса, баламалы энергия көздерінен өндірілетін қуат арта түседі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Қазірдің өзінде елде 55-56 жоба іске қосылған. 360 мегаваттай қуаттылғы бар. Баламалы энергия көздерінің қуаттылығы онда 500 мегаватқа дейін жетеді деп күтілуде.

Сарапшылар табиғи ресурстарды сақтап, баламалы энергия көздерін дамытуда атқарылып отырған жұмыстар өз тиімділігін береді дейді. Қазақстан 2030-шы жылға қарай қоршаған ортаға тастайтын зиянды заттар көлемін 15-20 пайызға азайтуды қарастыратын келісімге қол қойған 

Бақыт Есекина, "Жасыл академия" ғылыми-оқыту орталығының директоры:

Көптеген өндіріс ошақтарының, соның ішінде тау-кен және энергия саласында құрал-жабдықтар ескірген. Десе де бүгін үкіметтің жасыл экономиканы дамытуға қолдау көрсетіп отырғаны қуантарлық. Сондықтан стандарттарды сақтап, жаңа жүйеге көшуде кеш қалмау керек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Энергетика министрінің сөзінше, Қазақстанда жыл соңына дейін «Жасыл экономика» талабына сай келетін тағы 9 жоба ашылады. Бұл тың жобалар баламалы энергия көздерін кеңейтіп, саланы одан ары дамыта түсуге тың серпін бермек.