$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда бір аяғынан айырылған бойжеткен соңғы үлгідегі неміс протезін алуға дайын

AstanaTV
17.05.2018ж. 20:00
3576
Алматыда бір аяғынан айырылған бойжеткен соңғы үлгідегі неміс протезін алуға дайын

Аяғынан айырылған бойжеткен соңғы үлгідегі неміс протезін алуға дайын. Халықтың көмегімен қомақты қаржы жиналған. Жақын күндері Германияға ұшпақ. Алматылық Надира Аухадиеваның бір аяғына ота жасалып, балдаққа таңылғанын алдыңғы жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Әріптесім Олжас Нұржақып басына түскен ауырлықты жеңуге тырысқан қызбен сапар алдында жолығып хал жағдайын сұрады.

Жаңа протез үшін шетелге ұшатын күнді Надира асыға күтуде. Тиісті визасын аштырып, ұшақ билетін де алып қойған. Керек-жарағын сөмкеге жинап жатқан қыз қуанышын жасыра алмады.

Бойжеткен Германияда бір жарым айдай болады. Дәрігерлердің ұйғарымы солай. Соңғы үлгідегі протезге үйренісу, мамандардан ақыл-кеңес алуға біршама уақыт кететін  көрінеді.

Надира Аухадиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Жаздың ортасында шілде айында қайтып ораламын деп жоспарлап отырмын. Туған жеріме. Екі аяқпен. Екі аяғымды тең басып. Бұрынғыдай өмір сүре алатындай жағдайға жетіп. Сол үшін көмектескен адамдарға тағы да үлкен рахметімді айтқым келеді. Алғысымды білдіргім келеді.

Бойжеткеннің аяғына жаңа протез алу үшін 70 мың еуро қажет екенін бұған дейін айтқан болатынбыз. Надира Германиядағы орталық мамандарымен қайта сөйлесіп қаражат мөлшерін қысқартуды сұраған. Осылайша құны 51 мың еуро тұратын «силек-4» деп аталатын өнімді алуға шешім қабылдапты. Үш ай ішінде сол қаражат жиналған 

Надира Аухадиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Протезсіз жүргеніме 1 жарым жыл болды. Балдақпен. Ол менің бел омыртқама өте зиянын тигізіп жатыр. Сондықтан уақыт менде тығыз болып тұрғаннан кейін соны арзандатайық деп сұраған кезде олар маған бір шешім қабылдадыГелиум деген коленоны силек-4 деген коленоға ауыстырсақ, сонда протездің бағасы 70 мыңнан 51 мың еуроға түседі. Сосын 51 мыңдық протезді аламын деп шешім қабылдадым

Германиялық мамандармен жұмыс келер айдың 4-нен басталады. Өмірге деген құлшынысы зор Надира өзге елдегі орталықта өмірінің жаңа парағын ашудан үмітті. Тіпті жаңа протезбен екі аяғымды тең басып жүріп қана қоймай, жүгіруге ден қойсам деген арманы бар.

Олжас Нұржақып