$496.41 €542.77 ₽6.05
×

Алматыда көпқабатты үй тұрғындары мейрамхана жұмысына қарсы

AstanaTV
18.05.2018ж. 20:00
3579
Алматыда көпқабатты үй тұрғындары мейрамхана жұмысына қарсы

"Қорқордың түтініне тұншығып біттік". Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындар осылай деп дабыл қақты. Олар 40 пәтерлі баспананың бірінші қабатынан ашылған мейрамхананың жұмысына наразы.Біз бұл нысанның жұмысына рұқсатымызды бермедік дейді. Жан-жаққа шағымдансақ та,жағдай оңалар емес, - дейді шарасыз жұрт. Әріптесім Олжас Нұржақып тараптарды тыңдап көрді.

Түтіннен көз аша алмаймыз деп қамыққандардың бірі - Шолпан Бертісбаева - бұл мәселенің осыдан 6 жылдай бұрын басталғанын айтады. Ол кезде тұрғындардың шағымынан соң айыппұл салынып мейрамхана жұмысын тоқтатқан екен. Жуырда қайта ашылған көпшілік орын тынысымызды тарылтты деп отыр.

Шолпан Бертісбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

Үйде отырсақ, сол түтінді жұтып, солармен темекі шегіп отырғандай боламыз. Мына жерде кешке қарасаңыз, түтін. Кальяннің түтіні тұрады. Сосын басымыз ауырады. Мыналар бәріміз аллергия болдық та, ауырдық та бәрінен өттік. Мына үйдің тұрғындары бірде бірі келісім берген жоқ. 

Тұрғындар 2012 жылы үйдің бірінші қабатынан банк бөлімшесін ашуға рұқсат бергенбіз,бірақ сол кездегі келісім орындалмады дейді.

Гүлнар Бадалова,  Алматы қаласының тұрғыны: 

Бұл кәсіпкерлер біздің тұрмысымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Қорқордың, астың иісі басыңды айналдырады. Одан қалса кішкентай ғана аулаға тығылған көліктер. Өз көлігіңе орын таппай қиналасың. 

Бірінші қабаттан көңіл көтеретін орын ашқан кәсіп иесімен тілдеспек болдық. Бірақ жауап беруден жалтарған жауаптылар барлық проблема тұрғындардың өздерінде деумен шектелді.

Иіске байланысты үй қапталынан құбыр жүргізіп, жоғары айдайтындай құрылғы орнатайық деп сұрадық. Бірақ рұқсаттарын бермейді. Шулайды деген арыздарын қалпықа келтірдік. Енді иіске рұқсаттарын берсе болды емес пе. Өздері күрделендіріп жүр ғой барлығын.

Ал жергілікті билік өкілдері мейрамхананың жұмысы заңсыз екенін жеткізді. Тұрғындар осы жылы қайта келіп арыз қалдырса мәселені шешуге толық құзырымыз бар дейді.

Ерден Хайруллин,  Алмалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

Шағым түссе, арнайы комиссия құрып, құзырлы органдарға тапсырма береміз, ұсыныс жіберіледі. Сол бойынша нақты шара қабылданады. Ал мейрамхананың жұмыс істеуіне рұқсат беретін еш заңды құжаты жоқ. 

Заңгерлер алты жылдан бері алысып шаршаған халықтың, сотқа арыздануға толық құқы бар екенін айтты. Мәселенің тек заң орындары арқылы ғана шешілетінін жеткізді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Құрманғазы көшесіндегі көпқабатты үйде қазір заңды жұмыс істеп тұрған екі дәмхана мен банк бөлімшесі бар. Ал екі ай бұрын ғана ашылған үшінші мейрамхананың ары қарай жұмыс істеу-істемеуі белгісіз. Тұрғындар алған бетінен қайтпауға бекінген.

Олжас Нұржақып