$496.41 €542.77 ₽6.05
×

«Керзі етікпен тебеді»...Тағы да түрмелердегі азапатау туралы.

AstanaTV
19.05.2018ж. 20:00
2631
«Керзі етікпен тебеді»...Тағы да түрмелердегі азапатау туралы.

Биыл наурыздың басында ақпарат құралдарында Өзбекстанда «қатыгез тергеуші» ретінде танылған Фаррух Тохтимаметов өзі абақтыға түскеннен кейін, көзқарасын өзгерткенін мәлімдегені жайлы материалдар басылды.

«Олар мені кішкентай торда 12 ер адаммен бірге жалаңаш ұстады», – деген ол, Стамбұлдың ауруханасында «Азаттықтың» өзбек қызметіне берген сұхбатында. Тохтимаметов өзін ұрғанын, кемсіткенін, медициналық көмексіз қалдырғанын айтады. 42 жастағы Фаррух Тохтимаметов Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу басқармасының бірінші бөлімін басқарған... Бұрынғы тергеуші түрмеде отырғандардың қалай азапталатынын түсінгенін айтқан. Бірақ өзі ҰҚҚ қызметкері болған кезде, өзгелерді соққыға жыққанын мойындамаған. Түрмелердегі азаптау туралы талай материал бердік. Еуропа кеңесінің сарапшысы Сергей Молчановтың мәліметінше, түзету мекемелеріндегі қызметкерлерден көрген зорлық-зомбылыққа қатысты арыздың тек 3 проценті ғана сотқа жетеді. Ал, қалған 97 процент «жабулы қазан» күйінде қала береді. Өкінішке қарай, кезекті рет материал дайындап отырмыз. Петропавлдағы әйелдер колониясында отырған Егорова есімді азаматшаның азап көріп жүргенін амалдары таусылған туыстары біздің тілшілерімізге жеткізген, Абзал Құрманкиннің сюжеті. 

Татьяна Егорова міне, 2 ай болды, әділдік іздеп, талай табалдырықты тоздырып келеді. Қызының тағдырына алаңдап,  шырылдап жүрген ананың мақсаты – жазасын өтеп жатқан Светланасының теперіш көруін тоқтату. Түрме күзетшілері қызыма жәбір көрсетіп, оны оқшаулап тастаған, дейді ол. Ана жүрегі алғашқы күдікті қысты күні сезе бастады. Шиіттей екі немересін асырап отырған ол, қызына апта сайын хат жазып отырған. Алайда  Светлана Егорова хабар-ошарсыз кеткен.

Татьяна Егорова, сотталған Егорованың анасы:

Былтыр қазан айында қызымның жағдайын білуге барайын дегенбіз. Бірақ ол келмей тұра тұрыңдар деді. Содан кейін мүлде жазбай қойды. Наурыздың бесі күні маған Шымкенттен бір әйел телефон соқты. Маған дереу Петропавлға бару керектігін айтты. Қызымның жәбір көріп, ауыр халде жатқаны туралы хабарлады.

Татьяна Егорованың пайымдауынша, Қызылжардағы 164/6 түзеу мекемесінің әкімшілігі адам бостандығына шектеу қойып, заңды белшеден басып отыр. Іште көрген азапты сотталғанның жақын-жұрағатына жеткізу үшін шымкенттік әйел хатты ішіне жұтып шығарған. Ал оны оқыған туған-туысқандарының төбе шашы тік тұрды.

Татьяна Егорова, сотталғанның анасы:

Колония қызметкерлері керзі етікпен тепкілеп ұрады екен. Сосын тоқ шокерлерін қолданады. Қызым бір жылдан астам уақыт «қатаң жағдайда ұстау» бөлмесінде яғни карцерде жападан жалғыз отыр. Онда мекеменің тәртібін бұзғандар әрі кетсе жарты жыл отыруы тиіс. Бірақ қызымды сол бөлмеден шығармай қойған.

Сұмдық хабарды естіген соң Наталья Пивоварова сіңлісінің ахуалын өз көзімен көруге бел байлады. Сотталғанмен әзер дегенде кездескен ол, Светлананың азып-тозып кеткеніне көз жеткізген.

Наталья Егорова, Светлана Егорованың әпкесі:

Сіңлім кездесу бөлмесіне бас киіммен келді, ал мойнына шарф орап алған. Кейін шешіп көрсеткен - мойны айнала көгеріп, қан ұйып қалған. Айтуынша, ол күзетшілердің Камалова деген әйелді соққыға жығып жатқанын көріп, шағым түсіргені үшін оқшауланған. Мекеме қызметкерлері бейне камераларын басқа жаққа бұрып, жалғыз отырған әйелдерге жәбір көрсетеді, деді. Кейбір жазасын өтеушілер бұған шыдамай, өз өзіне қол салады екен.

Светлана Егорова 2015-жылы адам өлтіруге амал жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, ортақ тәртіптегі колонияға жіберілген. Бірақ оның бір жыл бұрын ортақ тәртіптен шеттетілгенін жазасын бірге өтеген әйелдер де растап отыр. 10 жылға сотталған Юлия Онуфриец соңғы алты жылын осы, Петропавлдағы әйелдер колониясында өткізген. Ол түрме қызметкерлерінің айуан әрекеттеріне қарсы тұрып, абақтыдан кеш босап шыққанын айтады.

Юлия Онуфриец:

Тәртіпті бұзғандар «қатаң жағдайда ұстау» бөлімінде жарты жыл ғана отыруы тиіс. Мен оның неге шығарылмай жатқанын білу үшін тәртіпке жауап беретін басшыға жолықтым. Бірақ белсенділігім үшін таяқ жедім. Кейін олардың үстіне шағым түсіргенім үшін олар мені жарты жылға кеш шығарды. Кетіп бара жатқанда Светлана Егорованың жалпы жасаққа қашан қайтатынын білгім келді. Бірақ шаруаң болмасын деп, қысқа қайырды.

Светлана Егоровамен тікелей тілдесу үшін біз аймақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен ресми рұқсат сұрадық. Алайда бізге хат жүзінде келген жауапта оның қатаң жағдайда ұсталып отырғанына байланысты сұхбат беруге тыйым салынатыны айтылған. Сондай-ақ, аталған мекеме сотталған әйелді медициналық тексерістен өткізгенін де хабарлады.

«Медициналық талаптарға сәйкес, сотталғандарды қатаң жағдайда ұстау барысында медициналық қызметкер күнде Егорованың денсаулығын және оның бөлмесін тексеріп отырады. Сотталған Светлана Егорованың медициналық құжатында дене жарақаты жөнінде ақпарат жоқ. Сондай-ақ, 2018 жылдың 15-наурызында Петропавл қаласы прокуратурасының аға прокурорының көзінше медициналық бөлімнің басшысымен жүргізілген тексерістің барысында Егорованың тұла бойында жарақат белгілері табылмады. СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Бөкенбай Жүсіпов».

Түрмелерді реформалауға сәйкес, елімізде 2013 жылы азаптаудың алдын алу механизмі іске қосылған болатын. Сол бойынша, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымның өкілдері жабық мекемелердің барлығын табан астынан тексеруге құқылы. Ұйымның Батыс Қазақстандағы өкілі түзету колонияларындағы қорлық мәселесін шешуге болады деп санайды.

Павел Кочетков, Адам құқығы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры:

Егер жәбірленушінің туысқандары бізге шағымданса, онда біз дереу істі зерттей бастаймыз. Біз колонияның кез-келген бөліміне барып, кез-келген сотталғанмен тілдесе аламыз. Бүкіл материалдарды жинап болған соң, оны прокуратураға тапсырамыз. Бірақ, прокуратура кейде істі өзге органдарға тапсырады. Бұл жерде корпоративтік мүддеге жол берілуі мүмкін. Сондықтан  прокуратура істерді өздері тергеуі тиіс сияқты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Светлана Егорованың туысқандары бүгінде прокуратураға тікелей арыз жазған. Олар сотталған әйелдің жалпы жасаққа қайтуын талап етіп отыр. Алайда, бақылаушы органнан әлі хабар жоқ. Облыстық прокуратураға біз де ресми сауал жолдадық. Аталған мекеме сұрақтарға 15 күннен кейін жауап беруді жөн көрді.  Жалпы, түрмелердегі азаптау сияқты жексұрын әрекеттердің тыйылатын түрі көрінбейді... 

 А.Құрманкин «Біздің уақыт».