$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бәріне жалтақтап қарайтын балаларға жол көрсетіп жіберу. Жетім көрсең жебей жүр!

AstanaTV
26.05.2018ж. 20:00
7792
Бәріне жалтақтап қарайтын балаларға жол көрсетіп жіберу. Жетім көрсең жебей жүр!

Ораза айында жетімдер туралы қалай айтпаймыз?..Балалардың арманы. Балалардың мақсаты. Тәрбиешілері не дейді? Бала асырап алуды былай қойғанда, мысалы, еріктілер болады, жаңа отбасын табуға септесетін. Каникул кезінде балаларды үйлеріне алып кетіп, оларды өмірге баулитындар да бар. Бір сөзбен айтқанда, жетімдер үйінде өсіп жатқан балаларға жаңа мамандық алуға, жұмыс табуға, кезекке тұруға үйретететін адам керек. Олар тіпті анықтама қағаз алуды да білмейді. Ең маңыздысы – бәріне жалтақтап қарайтын балаларға жол көрсетіп жіберу. Өйткені балалар үйінен кеткен кезде олар кішкентай бала сияқты дәрменсіз – ары қарай қалай өмір сүруден хабарсыз. Айзада Төребекқызы Шымкенттегі бір жетімдер үйінде болған, материалы.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұл Шымкенттегі № 3 балалар үйі. Дәл қазір мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 65 бала тәрбиеленіп жатыр. Яғни 65 тағдыр. Бүгін солардың бірнешеуімен жақынырақ танысамыз.

Бұл - Евгений Ким. Жасы 10-да. Биыл ол екінші сыныпты бітірді. Женяның Шымкенттегі балалар үйіне тұрақтағанына үшінші жыл.

- Бұл жақта жақсы. Бәрі әдемі. Маған осы үй ұнайды.

Женя сурет салғанды жақсы көреді. Болашақта атақты суретші болғысы келеді. Ол көбіне табиғатты бейнелейді екен. Жақында Астанада өтетін жас суретшілердің байқауына барады. Бірінші орын алудан үмітті.

Евгений Ким, 10 жаста:

- Мына бала ол мен. Мен таза ауада жүрмін. Мына жақта үйректер жүзіп жүр. Құстар ұшып жүр. Әдемі күн бізге жарық беріп жатыр. Міне мына жақта құстардың үйін істеп қойдым салып.

- Табиғатты әдемілеп бейленепсің, неге жарты парақтағы сурет басқа?

- Бұл жақта браконьерлер келіп от жандырып кетті, қоқыс тастап кетті.

Қоршаған ортаны бүлдіретіндерге жаны қас балақай осы сурет арқылы адамдарды табиғатты аялауға шақырады. Анасынан ерте айырылған жеткіншек айналасына қол ұшын созуға дайын тұратынын достары да айтады. Ақкөңіл Женяның арманы да асқақ. Әзірге отбасымды тапсам деген арманының бір бөлшегі айқиқатқа айналып келеді. Өз әкесін тапқан. Бірақ әзірше оны растайтын құжаты жоқ екен. 

Евгений Ким 10 жаста:

Мен өскенде үлкен азамат боламын. Депутент боламын. -Депутат па?- Иә. Осы жаққа келіп көмектесемін. Бүкіл қалаға көмектесемін. Осы детский домға күшті нәрсе алып келемін. Оларды қыдыртамын...

Дайындыққа қызу кіріскен - балалар үйінің «Қуаныш» би тобы. Биші қыздар таяуда Астана қаласында өтетін «Бүгінгінің баласы-болашақтың данасы» атты балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өтетін республикалық байқауда бақ сынайды. Оған екі бірдей «Мереке» және «Көңіл ашар» биін алып бармақшы. Топтың белсенді мүшесі – Диана Пашкова. Оның жасы онда.

Диана Пашкова, 10 жаста:

Ертең мен Астанаға барамын. 1-орын алып келуге сенімдімін.

Мен биді жақсы көремін. –Себебі? –Себебі мамам, папам қуансын деп билеймін.

Диананың мұнда тұрып жатқанына төртінші жыл. Ол ақжарқын қыз. Өскенде дәрігер болуды армандайды. Сол үшін сабақты жақсы оқу керегін біледі. Үшінші сыныпты аяқтаған Диана мұнда жалғыз емес. 6 жасар сіңлісі Янамен бірге тұрады. Кітапты көп оқиды, сурет те салады.

-Мынау менің қазақша көйлегім. Қазақша би билеген кезде бұл көйлекті киіп билеймін. Мынау менің өзбекше көйлегім...Мынау менің туфлилерім.Астанаға биге киетін аяқ киімім. Мынаны ән айтқан кезде киемін.

Диана мен Янаның жалғыз басты анасы сот шешімімен із-түссіз жоғалды деп танылған екен. Сонда да үміттерін үзбейді. Отбасын табуды армандайды.

Диана Пашкова, 10 жаста:

Менің мамам мейірімді, ақылды, сыпайы болса деп армандаймын. Мен жақсы отбасыма барғым келеді. Ол жақта анама, әкеме көмектесемін. –Қасыңда кім болады?-Қасымда сіңлім болады. Аты Яна.

Яна Пашкова, 6 жаста: 

Менің мамам мен папам үйге алып кетсінші. Мамамның жұмыс қолы босасыншы. Мамам үйге барғаннан кейін бізді қыдыртады. Ойнатады. Сабақ үйретеді. Сурет салдыртады. Болашақта мен мұғалім болам.

Шымкенттегі № 3 балалар үйінің балғындары түгелдей, ұлтына қарамастан қазақшаға судай. Көпшілігі өз қалауымен қазақ сыныбына барады. Диана мен Яна да. Тәрбиешілер болса, мұндағы балалардың өнерлі болып, әр түрлі байқауларға қатысуы олардың жаңа отбасын табуына жақсы мүмкіндік деп біледі.

Кабира Ағабекова,Шымкенттегі № 3 балалар үйінің тәрбиешісі:

Өз баламыздай тәрбие беріп, солай қараймыз. Бірақ бәрібір қазақи отбасында, асырап алам деушілер болса қазақи отбасында тәрбиеленгені жақсы деп ойлаймын.Диана қызым, оның мінезінде оғаш қылықтар жоқ. Мінезі жақсы. Сабақ үлгерімі де жақсы. Достарымен тез тіл табысады.

Мұндағы тәрбиеленушілер 4 пен13 жас аралығында. 65 баланың екеуі ғана тұл жетім. 10-ның ата-анасы сотпен із-түссіз жоғалған деп танылған. Біреулерінің ата-аналары сот шешімімен құқығынан айырылған, енді бірінің ата-аналық құқықтары шектелген. Арасында ұл-қызын іздеп келіп, жолығатындары аз емес. Біреуі жақында туған анасымен қайта табысыпты.

Жанаргүл Кеңесқызы, Шымкенттегі № 3 балалар үйінің психологы:

Балалардың  жалпы арманы – отбасына оралу. Біздің де басты міндетіміз осы балаларды отбасына қарай бейімдеп, отбасына оралту жолдарында жұмыс істеу. Енді бірінші біздің өзіміздің алға қойған мақсатымыз қандас отбасына қайтару балаларды. Осы 2018 жыл басынан бері бізде үш бала оралды отбасына. Оқу жылы аяқталса 25-мамырдан кейін үш баланың документтері бәрі дайын. Үш бала өзінің қандас отбасына оралады және де сонымен қатар патронаттық отбасына, опекундарға балалар қайтарылып жатыр, беріліп жатыр.

Жылына орта есеппен 15 бала отбасын табады екен. Олардың жаңа ортаға сіңісіп кетуі үшін екіжақты көп жұмыс істеледі. Бірлі жарымы болмаса соңғы екі жылда отбасынан кері қайтқан бала жоқ, деді орталықтағылар.

Шымкенттік ерікті Ботагөз Ізтілеу балалар үйіне аптасына жоқ дегенде бір соғады. Концерт қойып, кәмпит үлестіру үшін емес. Балаларға ағылшын тілін үйретеді. Баланың бойына титтей де болса білім сіңірсем деп келеді, ерікті.

Оның ойынша кәмпит-күлше үлестірумен шектелу дұрыс емес. Ол балаларды «маған бере бер!» деген «дайын асқа тік қасық» принципімен өмір сүруге бейімдейді деп түсінеді.

Ботагөз Ізтілеу, «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жетекшісі:

Балалар үйіне көп келу керек, бірақ біліммен келу керек. Бірдеңе үйретіп кету керек. Мәселе кәмпитте емес. Мәселе көңілде және білімде.

Жетімдер үйін жауып, «тірі жетімдердің» санын кеміту туралы әңгіме аз айтылмайды. Бірақ сөз күйінде. Оны ақиқатқа айналдыру үшін  азаматтық көзқарасты өзгерту керек. Бұл шымкенттік ерікті Ботагөз Ізтілеудің пікірі.

Ботагөз Ізтілеу, «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жетекшісі:

Шет елдермен салыстырмалы түрде келетін болсақ, ол жерде діни көзқарастан емес, азаматтық тұрғыда өзінің борышы деп санайды. Сол себептен олар өзінің балалары ғана емес, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілерін де алып тәрбиелейді.

Ал отбасын таппағандар ше? Балалар үйі тәрбиеленушілері ертең қоғамда өз орнын таба ала ма?! Олардың бұл үйден ұшып шыққаннан кейінгі тағдыры не болады? Міне, үлкен сұрақ! Үлкен мәселе.

Қарағанды қаласының тұрғыны Жұлдыз Байжанованы мазалайтыны да осы.

Жұлдыз Байжанова, ерікті:

Жетімдер үйінде балалар көбісі қоғамға бейімделмеген. Өйткені олар білмейді, мысалы, элементарный нәрселер бар ғой, коммуналка төлеу, табыс табу. Олар ақша қайдан келетінін де білмейді, иә. Өйткені жетімдер үйінде бұл балаларға түсіндірмейді және қазіргі қоғамның ең үлкен мәселесі - біз өзімізден басқа адамдар бұл өмірде бар екенін де ойлауымыз керек. Мысалы, инклюзивное образование, инклюзивті қоғам деп айтады ғой бізде, ол жалғыз мүгедек адамдар емес, жетім балаларды да соған кіргізуге болады. Өйткені ертең жетімдер үйінен шыққаннан кейін олардың тағдыры әрі қарай не болатынын ешкім қатты ойланбайды. Мемлекет те қатты ойланбайды.

Жұлдыз Байжанова – Қарағандыдағы балалар үйімен тығыз жұмыс істейтін келіншек. Ондағы тәрбиеленушілерді түрлі үйірмелерге тартып, тіпті олардың жаңа отбасын табуына септесіп жүрген ерікті. Жұлдыздың өзі де бала асырап алған. Патронаттық тәрбиеге алған қызының қоғамда өз бетінше өмір сүре алатын адам болуына септескісі келеді.

Жұлдыз Байжанова, ерікті:

Бізді қазір Ораза айы болып жатыр ғой, бәріміз Ораза айында не істейміз? Бірінші қоғамның көзқарасын кішкене өзгерту керек. Ораза кезінде біздің адамдардың бәрі жинап пакет-пакет тамақ тасиды. Киім тасиды. Жетімдер үйіндегі балалардың қарны аш емес. Олардың қарындары аш емес. Олар біздің жан жылуына зәру адамдар, балалар. Оларға жан жылуы жетіспейді. Сондықтан бұл балаларды ең бастысы біз Ораза кезінде ғана есімізге түсірмей, жылдың 365 күнінде есімізге түсіріп жүру керекпіз.

Мың айдан да қайырлы қасиетті Рамазан айында балалар үйіндегі жеткіншектердің Жаратқаннан не тілейтіні өздеріне аян. 10 жастағы Евгений әкесінің тезірек келуін тілесе, Яна үлкен отбасын табатынына сенеді. 

- Менің арманым әкем жылдам документ істеп мені үйге апарсын.  Үйімді қатты сағындым. Армандау қажет. Бұл жақсы сөз. Арманың орындалады.

- Менің арманым орындалатынына сенемін.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».